ІІМ депутаттар ұсынған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау тетігін әзірлеуде

166
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Q2DwmdDTUC2j92nVEs4QrJBSdikshb0T5nS9k8z6.jpg

26 қараша, Астана. «Әділет» партиясы фракциясының депутаттары зорлық-зомбылық жасауы мүмкін адамның жәбірленушіге қауіпті қашықтыққа жақындағаны туралы полицияға автоматты түрде хабар беретін «Электрондық қорғану аймағын» құруды ұсынған болатын. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазір бұл құрылғы техникалық сынақтан өткізіліп жатыр. Оны енгізу үшін алты пилоттық өңір белгіленген.

21 қазанда жарияланған депутаттық сауалға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиғалар себеп болды. 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы қыз бірнеше жерінен пышақ жарақатын алып, көз жұмды. Ал 23 қыркүйекте Астанада бұрынғы күйеуі екі баланың анасын өлтірді. Депутаттардың пікірінше, қорғау тетіктері зорлық-зомбылық жасалғаннан кейін ғана іске қосылмай, қауіптің алдын алып, оның жолын кесуге де мүмкіндік беруі керек.

– Электронды дабылдың өзі адамды қорғай алмайды. Сондықтан пилоттық жобамен қатар қауіпті жақындау туралы хабарлама түскен кезде ішкі істер органдарының қалай әрекет ететінін нақты айқындайтын алгоритм әзірлеу қажет, – деді Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова.

Депутаттар Францияның тәжірибесін мысалға келтірді. Онда адамдардың бір-біріне жақындауына жол бермейтін электронды білезік қолданылады. Жүйе жәбірленуші мен зорлық-зомбылық жасаған адамның орналасқан жерін қатар анықтап, белгіленген арақашықтық бұзылған жағдайда автоматты түрде дабыл қағады. Бұл ретте жәбірленушінің полицияға өзі хабарласуы қажет емес.

Депутаттар депутаттық сауалда жекелеген өңірлерде «Электрондық қорғану аймағын» пилоттық жобасын іске қосуды, қауіп туралы дабыл түскен кезде полицияның әрекет ету тәртібін біріздендіруді және әрбір хабарлама мен қабылданған шараны цифрлық жүйеде тіркеуді ұсынды.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің ресми жауабында министрлік әзірлеушілермен бірлесіп, аталған құрылғыны техникалық сынақтан өткізіп жатқаны айтылған. Қазір қауіпті арақашықтық 20 метрге дейін қысқарған кезде оны анықтау, дабыл хабарламасын автоматты түрде қалыптастыру және полицияның жедел басқару орталығына (ЖБО) жіберу мүмкіндіктері тексерілуде. Пилоттық жобаға Шымкент қаласы, Ақмола, Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Жетісу облыстары таңдалған.

– Пилоттық жоба аясында қауіпті жақындау туралы дабыл түскен кезде полицияның әрекет ету тәртібін біріздендіру көзделіп отыр. Ол дабылды автоматты түрде тіркеуді, ЖБО-ға жіберуді, оқиға орнына жақын полиция жасағын бағыттауды, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, белгіленген шектеулердің сақталуын тексеруді және қабылданған шараларды цифрлық жүйеде тіркеуді қамтиды, – делінген министрдің жауабында.

Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша полицияның әрекет ету уақыты, анықталған құқық бұзушылықтар саны, қабылданған шаралар және жәбірленушілерге қатысты қайталанған зорлық-зомбылық фактілері бағаланады. Сондай-ақ жәбірленушілердің ұялы телефондарына арнайы мобильді қосымша орнату мәселесі пысықталып жатыр. Бұл ретте олардың келісімі алынып, дербес және геолокациялық деректерінің қорғалуы қамтамасыз етілуі тиіс.

ІІМ электронды бақылау құралдарын қолдануға қажетті техникалық негіздің қалыптасқанын хабарлады. Қолданыстағы «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң профилактикалық есепте тұрған адамдарды бақылау үшін мұндай құралдарды пайдалануға мүмкіндік береді. Олардың қатарында өзіне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған немесе мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген адамдар да бар.

Қазір елімізде GPS және GSM модульдерімен жабдықталған 2 851 электронды білезік қолданылып жүр. Мониторинг платформасында адамның орналасқан жері туралы деректер екі минуттан аспайтын уақыт аралығында жаңартылып отырады. Жүйе рұқсат етілген аумақтан шығуды, білезікті шешіп алуды немесе бүлдіруді, сондай-ақ байланыс жоғалуын автоматты түрде тіркеп, полицияға хабар береді.

Пилоттық жобаның іске асырылуы депутаттардың бақылауында болады. Алдағы уақытта бұл саладағы құқық қолдану мәселелері Құрылтай алаңында талқыланады.

Комментарии