Енді «Қазатомөнеркәсіптің» топ-менеджері сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталды

216
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/3mPMwsqGRD9rZ5UFRPOvGyMn0OCT1rG2CKrKZ5Wu.jpg

Фото:kazatomprom.kz

23 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековті және өзге де азаматтарды ұстады. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалған, деп хабарлайды "Адырна".

ҰҚК-нің 25 қарашада таратқан ақпаратына сәйкес, ұсталғандар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған деген болжам бар сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деп күдіктеліп отыр.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 367-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, әзірге басқа мәліметтер жарияланбайды.

ҰҚК мәлімдемесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Мемлекет басшысының тапсырмалары мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жалғасатыны айтылған.

Айта кетейік, бұл жаңалыққа дейін, 24 қарашада «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы басшылық құрамындағы өзгерістер туралы ресми хабарлама жариялаған еді.

Компанияның хабарлауынша, Директорлар кеңесінің шешімімен басқарма мүшелері – коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғужин мен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбековтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған.

Олардың қызметтік міндеттері ішкі корпоративтік рәсімдерге сәйкес басқарманың басқа мүшелері арасында бөлінген.

Сонымен қатар компания өндірістік және коммерциялық бағыттағы қызметкерлердің толық құрамда жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Кәсіпорынның күнделікті шаруашылық қызметі әдеттегі тәртіппен жалғасуда.

Айта кетсек, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және сирек металдар саласындағы ұлттық компаниясы. Сондай-ақ ол атом электр станцияларына арналған ядролық отынды импорттау және экспорттау бағытында ұлттық оператор қызметін атқарады. Қазақстан 2009 жылдан бері табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде көш бастап келеді.

Еске салайық, 12 қарашада «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшыларының ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. ҰҚК олардың сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын хабарлады. Кейін қор мен оған қарасты ұйымдар барлық бағыттағы жұмыс штаттық режимде жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Ал 13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жедел отырысында осы мәселеге қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы мемлекеттік компаниялардағы жағдайды ауқымды сыбайлас жемқорлықтың бар екенін аңғартатын маңызды белгі ретінде бағалады.

Сондай-ақ Президент 24 қарашаға дейін елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін айтарлықтай төмендетуге бағытталған нақты шаралар әзірлеуді тапсырған еді.

Комментарии