Путинге шай берген Тәжікстан Халықаралық соттан шығатынын жариялады

135
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iNQlEBh1v4uDvLpyQ3ti4clBjFKaVcolrlAEsZs6.jpg

Тәжікстан Халықаралық қылмыстық соттан (ХҚС) шығу туралы БҰҰ-ға ресми хабарлама жолдады. Бұл шешім Ресей басшысы Владимир Путиннің Душанбеге жасаған сапарымен тұспа-тұс келіп, 20 қарашада жария етілді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ұйымның ресми шарттар тізіліміндегі мәліметке сәйкес, Тәжікстан 20 қарашада ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерришке тиісті хабарлама жолдаған. Алайда ел Халықаралық қылмыстық соттан бірден шықпайды. Шешім бір жылдан кейін, яғни 2027 жылғы 20 қарашада күшіне енеді. Осы уақытқа дейін Тәжікстан соттың мүшесі болып қала береді және оның талаптарын орындауға міндетті.

20 қарашада Ресей президенті Владимир Путин Душанбеге барған еді. Халықаралық қылмыстық соттың қамауға алу туралы ордері күшінде болғанына қарамастан, Тәжікстан билігі оны ұстаған жоқ.

Еске салайық, 2023 жылғы наурызда Халықаралық қылмыстық сот Владимир Путинді қамауға алуға ордер берген. Ресей президентіне Украина аумағынан балаларды заңсыз түрде Ресейге әкетуге қатысы бар деген күдік келтірілген. Әңгіме Ресей басып алған аумақтардан күштеп әкетілген украиналық балалар туралы болып отыр.

Бұл – Ресей президентінің Тәжікстанға жасаған осындай екінші сапары. 2025 жылғы қазанда да Путин Душанбеге барып, қамауға алынбаған еді.

2026 жылғы наурызда Халықаралық қылмыстық сот Тәжікстанды Ресей президентін қамауға алу туралы ордерді орындаудан бас тартқаны үшін өз міндеттемелерін бұзды деп таныды.

Еуропалық одақ Душанбенің Халықаралық қылмыстық соттан шығу туралы шешімін сынға алып, Тәжікстан билігін оны қайта қарауға шақырды. Сонымен қатар соттан шығу Тәжікстанды мүшелігі тоқтатылғанға дейін туындаған міндеттемелерден босатпайды. Бұл бұрын басталған тергеу істері бойынша ынтымақтастық жасау міндетіне де қатысты.

Комментарии