Қырғызстан Еуропаның 5 еліне тікелей әуе рейстерін ашпақ

207
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pSYycvauhGymCaW0ETHdguTeS2yaZ2HbRun67IbZ.jpg

Қырғызстан 2027 жылдың көктемінде Еуропаның бірқатар қаласына тікелей әуе рейстерін ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Мемлекеттік туризмді дамыту агенттігінің директоры Эдуард Кубатов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі  «Кабар» агенттігіне сілтеме жасап.

Шенеуніктің сөзінше, азаматтық авиация өкілдері мен республика әуежайларының басшылары Франкфурт, Мюнхен, Прага, Милан, Лондон және Будапешт қалаларына әуе қатынасын ашу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Алғашқы кезеңде бес елге тікелей рейс ашу көзделген. Алайда ұшатын бағыттардың түпкілікті тізімі әзірге анықталған жоқ.

Кубатовтың айтуынша, бастапқыда билік Lufthansa, Air France және British Airways секілді шетелдік әуе компанияларын Қырғызстан нарығына тартуды жоспарлап отыр. Кейін Еуропаға тікелей рейстерді қырғызстандық әуе тасымалдаушылары да орындай алады.

Атап айтқанда, Asman Airlines ұлттық әуе компаниясы 2027 жылы алғашқы ірі жолаушылар ұшақтарын алуы тиіс. Бұл ұшу бағыттарының географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

«2027 жылы Қырғызстаннан Еуропаға бес тікелей бағыт ашылатынына кәміл сенемін», – деді агенттік басшысы.

Бұдан бөлек, республика билігі Токио, Сеул және Сингапур қалаларымен де тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алайда бұл рейстердің қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз.

Айта кетейік, 2026 жылғы маусымда Еуропалық одақ Қырғызстанның барлық әуе компаниясын ЕО елдеріне ұшуға тыйым салынған тасымалдаушылар тізімінен шығарған еді. Қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты кемшіліктерге байланысты республика 2006 жылдан бері қара тізімде болған.

Комментарии