«Самұрық-Қазынаның» жаңа төрағасы тағайындалады – Бектенов

171
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/IagYJe5ov92Tfrs4jEsjtn83ezeMnEILY89J31mE.jpg

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығына қатысты соңғы оқиғаларға байланысты мәлімдеме жасап, қордың алдағы жұмысына қатысты бірқатар мәселені түсіндірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Айтуынша, қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Істің барлық мән-жайы тергеу аясында анықталуда.

«Жағдай мемлекет басшысының бақылауында. Құзыретті органдар заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып, объективті әрі жан-жақты тергеу жүргізуге тиіс. Қазіргі кезеңде сөз нақты бір жағдай туралы болып отыр. Бұл жағдай Қордың бүкіл компаниялар тобының қызметіне күмән келтіруге негіз бола алмайды», – деді премьер-министр.

Олжас Бектенов жақында жаңа төраға тағайындалатынын мәлімдеді.

«Жақын арада «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады. Бұл ретте басқару ісіндегі сабақтастық пен Қор қызметінің үздіксіздігі толық қамтамасыз етіледі. Қор тобына кіретін барлық компаниялар штаттық режимде жұмысын жалғастыруда. Қордың даму стратегиясы өзгеріссіз қалады. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бекітілген жоспарларға сәйкес жалғасады»,– деп түсіндірді ол.

Бектенов ішкі бақылау, комплаенс және ішкі аудит тетіктері қайта қаралып, күшейтілетінін жеткізді. Оның сөзінше, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу, мүдделер қақтығысын анықтау, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыру және басшылардың дербес жауапкершілігін күшейтуге ерекше назар аударылады.

«Біздің міндетіміз тек нақты құқық бұзушылықтарға ден қоюмен шектелмейді. Ең бастысы, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермейтін тиімді жүйе қалыптастыру», – деп атап өтті премьер-министр.

Комментарии