Президент Тоқаев Өзбекстан басшысын өзі шығарып салды

305
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/MJudNCecdjuBcMdaW0iUZ3rzBQiTGcv478U4L4E5.webp
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға жасаған жұмыс сапары аясындағы іс-шараларын аяқтап, еліне аттанды. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге Ақаба процесі саммитіне қатысу үшін жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті елорда әуежайынан шығарып салды", – делінген хабарламада.

Шавкат Мирзиёев Қазақстанға 6 қарашада елордада өткен Ақаба процесі саммитіне қатысу үшін келген болатын.

Айта кетейік, 6 қарашада Астанада өткен Ақаба процесі саммитіне бірқатар мемлекеттің жоғары лауазымды өкілдері қатысты. Олардың қатарында Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев болды.

Бұған қоса, саммитке Әзербайжан Ұлттық жиналысының спикері Сахиба Ғафарова мен Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев қатысты.

Саммитке қатысу үшін Қазақстанға келген Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейнді 5 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қарсы алды. Сондай-ақ Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды да Қазақстан Президенті әуежайдан күтіп алған болатын.

Еске салайық, Ақаба процесі – 2015 жылы Иордания Королі ІІ Абдалла бастамашы болған терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы халықаралық ынтымақтастық алаңы. Биылғы саммит жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік мәселелеріне арналды.

Комментарии