Президент Нұрлан Өнербаевты мерейтойымен құттықтады

112
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/DjqBDMvCdcRLF5gOyGO1I3C7nMw4aZu3iW6BByXX.webp

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Нұрлан Өнербаевты 65 жасқа толған мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Президент өнер иесінің қазақ музыкасын дамытуға және ұлттық мәдени мұраны насихаттауға қосқан үлесін атап өтті.

Президенттің құттықтау хатын мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Астанада өткен кездесу барысында әншіге табыстады.

Құттықтау хатында Мемлекет басшысы Нұрлан Өнербаевтың өзіндік орындаушылық мәнері мен қоңыр дауысы тыңдарманның ықыласына бөленгенін атап өткен.

«Өзіңізге тән қоңыр дауысыңыз бен ерекше орындаушылық мәнеріңіз талғампаз тыңдарманның жүрегінен орын алды. Сіз дәстүр сабақтастығын сақтап, халық әндері мен белгілі композиторлардың таңдаулы туындыларын насихаттауға мол үлес қосып келесіз. Ізденіске толы шығармашылық жолыңыз жемісті болып, талантты шәкірттер тәрбиеледіңіз», – делінген Президенттің құттықтауында.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев әншінің ұлттық өнерді дәріптеу мен жас таланттарды тәрбиелеу жолындағы еңбегіне жоғары баға берді.

Мемлекет басшысы мерейтой иесіне зор денсаулық, отбасына амандық пен бақ-береке тілеп, еліміздің рухани-мәдени мұрасын байыту жолындағы шығармашылық қызметіне табыс тіледі.

Комментарии