Полонияда не болды? Наразылық президентті жолдан қайтарды

280
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/5gVCYsiHX15anYsQPC5XJMVlUz6rJZo2Tq8E3N8A.jpg

Польша астанасы Варшавада Конституциялық трибунал ғимаратын полиция қоршауға алып, оның маңына наразылық білдірушілер жиналды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ға сілтеп.

Бұған трибунал судьясы Анна Корвин-Пиотровсканың орган төрағасы Богдан Свенчковский мен оның орынбасары Бартоломей Соханьскийді бір айға қызметінен шеттету туралы шешімі себеп болды. Осы жағдайдан кейін президент Кароль Навроцкий Сенегалға сапарын тоқтатып, Польшаға шұғыл оралды. 

30 қазанда жарияланған шешімде трибуналдың екі басшысы парламент 2026 жылы сайлаған жаңа судьялардың сот отырыстарына қатысуына кедергі келтіргені айтылған. Анна Корвин-Пиотровска мұндай шешім қабылдауға 2016 жылғы заң мүмкіндік беретінін мәлімдеген. Сондай-ақ ол 3 қарашада трибунал судьяларының жалпы жиналысын өткізетінін хабарлаған.

Алайда трибуналдың X әлеуметтік желісіндегі парақшасында бұл шешімге қарсылық білдірілді. Онда Богдан Свенчковский әлі де төраға, ал Бартоломей Соханьский оның орынбасары екені жазылған. Сондай-ақ жазба авторлары Анна Корвин-Пиотровсканың трибунал судьясы емес екенін айтып, оның әрекетін мемлекеттік төңкеріс деп бағалаған. Кейін трибуналдың ресми сайтында X желісіндегі бұл парақшаның мемлекеттік органға қатысы жоқ екені хабарланды.

Қызметінен шеттетілген вице-төраға Бартоломей Соханьский Rzeczpospolita басылымына берген сұхбатында бұл шешімнен алдын ала хабарсыз болғанын айтқан. Оның сөзінше, Анна Корвин-Пиотровска телефон арқылы хабарласып, енді трибуналды өзі басқаратынын хабарлаған.

Соханьский өзін қызметінен шеттетуге ешкімнің құқығы жоқ екенін айтып, бұл жағдайды трибуналдың тәуелсіздігіне қол сұғу деп бағалаған. Ол мұны мемлекеттік төңкеріс деп те атады. Польша премьер-министрі Дональд Туск судьяның шешімін қолдады. Оның айтуынша, елде заң үстемдігін қалпына келтіру – үкіметтің басты міндеттерінің бірі. Премьер-министр бұл жолда батыл шешімдер қабылдау қажет екенін атап өтті.

Ал президент Кароль Навроцкий 30 қазанда Сенегалға бара жатқан ұшағын кері бұрып, Польшаға оралды. Елге келген соң ол қызметінен шеттетілген төраға Богдан Свенчковскиймен және Жоғарғы соттың бірінші төрағасы Збигнев Капиньскиймен кездесті. Кейін Капиньскиймен бірге Конституциялық трибунал ғимаратына кірді.

Бұл әрекет те жаңа дау туғызды. Анна Корвин-Пиотровска президентпен тек Президент сарайында кездесуге дайын екенін айтқан. Ал парламент сайлаған, бірақ президент әлі ант қабылдатпаған судья Мачей Берек Навроцкийдің трибунал ғимаратына кіру әрекетін сынға алды. Оның айтуынша, президент өкілдері ғимараттың кілттерін алуға тырысқан.

Варшава полициясының хабарлауынша, әділет министрі әрі бас прокурор Вальдемар Журек трибунал ғимаратының қауіпсіздігін күшейтуді сұраған. Сонымен қатар судьялардың бірі ғимараттағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуі мүмкін екенін ескерткен.

Осыдан кейін полиция ғимаратты қоршауға алды. Полицияның мәліметінше, наразылық білдірушілер құқық қорғау қызметкерлеріне қауіпті заттар лақтырған. Қоршаудан асып, ғимарат аумағына кірген үш адам ұсталды. Полиция қызметкерлері ғимараттың ішіне кірмеген.

Польшадағы бұл жағдай бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқан саяси-құқықтық даудың жалғасы саналады. Қайшылық премьер-министр Дональд Туск бастаған үкімет пен президент Кароль Навроцкийді қолдайтын «Құқық және әділет» партиясы арасындағы келіспеушіліктен туындаған.

Дау парламенттің жаңа құрамы сайлаған судьяларға президенттің ант қабылдатудан бас тартуынан кейін күшейді. Конституциялық трибуналдың төрағасы Богдан Свенчковский де жаңа судьялардың өкілеттігін мойындамай, олардың сот отырыстарына қатысуына рұқсат бермеген. Ал үкімет бұл әрекетті мемлекеттік органның жұмысына кедергі келтіру деп санайды.

Комментарии