Сербияның бұрынғы президенті әрі биліктегі Сербия прогрессивті партиясының (СПП) жетекшісі Александр Вучич 25 қазанда өткен парламент сайлауында жеңілгенін мойындады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша, Сербия прогрессивті партиясы елдің бір палаталы парламенті — Халық скупщинасынан 105 орын иеленеді. Ал соңғы екі жылда жаппай наразылық акцияларына қатысқан азаматтар қолдаған оппозициялық «Студенттер тізімі» кемінде 135 орынға ие болады.
25 қазанда өткен сайлауда сайлаушылардың белсенділігі жоғары болған. Сербиядағы сайлаушылардың 69,1 пайызы дауыс берген. Бұл көрсеткішке шетелдегі серб диаспорасының дауыстары кірмейді.
25 қазан күні кешке Белград көшелеріне мыңдаған адам шығып, оппозицияның жеңісін атап өткен. Сербия астанасында сайлаушылардың басым бөлігі «Студенттер тізімін» қолдап дауыс берген.
Дауыстарды ресми санаудың нәтижесі бойынша, жаңа деректер түскен сайын «Студенттер тізімінің» Вучич партиясынан басымдығы артып келеді. Дегенмен екі тараптың арасындағы айырмашылық әзірге аз — бірнеше пайыз шамасында.
Александр Вучич мерзімінен бұрын өтетін парламент сайлауында өз партиясын бастап қатысу үшін 27 қыркүйекте президенттік қызметінен кеткен болатын. Егер жеңіске жеткенде, ол Сербияның премьер-министрі атанар еді. Бұл елдегі саяси шешімдердің басым бөлігін қабылдайтын лауазым саналады. Ал Сербия президентінің өкілеттігі негізінен рәсімдік сипатқа ие.
«Студенттер тізімі» екі жылға созылған жаппай наразылықтар кезінде шеруге қатысушылар арасындағы талқылаулар нәтижесінде құрылған. Алайда наразылық қозғалысының жетекшілері тізімге енген жоқ. Кандидаттар қатарында ғалымдар, дәрігерлер, мәдениет қайраткерлері және қоғамдық ұйымдардың белсенділері бар. Тізімді кардиолог Илия Срданович басқарады.
В Акмолинской области открыто 15 кабинетов для занятий с детьми с особыми образовательными потребностями
