Алматының Түрксіб ауданында «Оқитын ұлт» бастамасы аясында заманауи кітапхана ашылды

106
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/mRZH5GzkPHzj31dLvtQPwnIxRxNeU6ojEYU4lbTi.jpg

Алматының Түрксіб ауданында жаңа қалалық кітапхана жұмысын бастады. Бұл туралы Алматы қаласы Мәдениет басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа кітапхана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуға және зияткерлік әлеуетті арттыруға бағытталған «Оқитын ұлт» бастамасы аясында ашылды.

Жаңа қалалық кітапхана – тұрғындардың кітап оқуына, білім алуына және бос уақытын мазмұнды өткізуіне арналған заманауи мәдени-ағартушылық кеңістік. Кітапхананың жалпы ауданы 340 шаршы метр, ал кітап қоры 10 мыңнан астам басылымды қамтиды.

Мұнда оқырмандардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтары ескеріліп, қазақ, орыс және шет тілдеріндегі көркем әдебиет, балалар әдебиеті, танымдық және ғылыми-көпшілік басылымдар, сондай-ақ түрлі жанрдағы заманауи кітаптар ұсынылған.

Келушілер үшін жайлы оқу залы, кітаптарды үйге алып оқуға мүмкіндік беретін абонемент бөлімі, балаларға арналған аймақтар, компьютерлермен жабдықталған жұмыс орны, арнайы құрылғылар және кітаптарды өз бетінше алып, қайтаруға арналған «ақылды сөрелер» қарастырылған. Заманауи технология кітап алу және қайтару үдерісін оқырмандар үшін барынша ыңғайлы әрі жылдам етеді.

Жаңа мәдени кеңістік аудан тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ олардың мәдени және зияткерлік дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Мекенжайы: Түрксіб ауданы, Қонаев атындағы бау-бақша кооперативінің аумағы, 336/37.
Жұмыс уақыты: күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін.

Қазіргі таңда Алматыда 32 қалалық кітапхана жұмыс істейді. Оның жетеуі тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар тұрғындардың кітапқа қолжетімділігін арттыру мақсатында қаланың сауда орталықтарында кітап беретін екі пункт, ал келушілер көп жиналатын орындарда өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған 32 автономды кітапхана жұмыс істейді.

Жаңа кітапхананың ашылуы Түрксіб ауданы тұрғындары үшін білім мен мәдениетті дамытуға арналған заманауи кеңістік қалыптастырып, кітапхана қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Комментарии