«Тамшыға тұнған тұтас мұхит». Руми жыры – адамзат сыры

265
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/12AJ7UGrelEywlZ6z9TmfI6abgq2wM92AydcGL1r.webp

Моңғолдар дәуірінде Кіші Азияда өмір сүрген парсы ақыны Жәләладдин Мұхамед Румидің әдеби мұрасы несімен құнды? Орта ғасыр ақыны – адамның дертін де, дауасын да жырлаған ғарыштық құдірет иесі. Үркіншілікте өмір сүріп, адамзаттық құндылықты жырлаудың сыры неде?   

Парсының танымал ақыны Жәләладин Мұхамед Румидің туған күні 30 қыркүйек күніне сай келеді. Бұл күні Балхте дүниеге келіп Шығыс Рум аталып кеткен аймақта (бүгінгі Конияда) тұрақтап, осы қалада қайтыс болған ақынның туған күнін Иранда, Түркияда, Ауғанстан мен Тәжікстанда ерекше атап өтеді. Моңғолдар дәуірінде өмір сүрген ақынның әдеби мұрасы зертеушілер тарапынан әрқашан үлкен қызығушылық тудырған. 

Қиын кезеңде өмір сүрген Руми моңғол шапқыншылығы кезінде аман қалып қана қоймай тамаша туындыларын жазғандығымен де ерекшеленеді. Бұл дәуірде өлең жазбақ тұрмақ бас қайғы болғандығы көптеген тарихи деректерден белгілі. Шындығында моңғол шапқыншылығы кезінде халықтың көбісі шығыстан батысқа жер аударып бас сауғалаған ауыр кезең болды. Тыныш аймақтарды паналауға мәжбүр болған дүрмекпен Меккеге барып қажылық жасап, содан Кония жеріне келіп тұрақтаған Маулана-Руми осы аймақтың атына қарай Руми атанады. Сондықтан да кейде Жәләладдин Мұхаммед Балхи деп жазса, бірде Руми деп те жазылады. Бүгінгі таңда ақынның ныспысына қарап Ауғанстан жұртынан басталатын талас Түркия халқына дейінгі аралықты қамтиды. Маулана біздің ақын деп таласатын елдердің санының көптігі Румидің бір хикаясын еске түсіреді. 

Хикаяның қысқаша мазмұны мынадай. Төрт жолаушы (парсы, араб, түрік және румдық) бірге сапар шегіп бара жатады. Жолда бір жомарт жан оларға жақсылық жасап, бір дирхам (тиын ақша) береді. 

Парсы жігіт «Келіңдер, бұл ақшаға әнгур (парсыша жүзім) сатып алайық»,- дейді. Араб ашуланып «Жоқ! Мен әнгур қаламаймын, маған инаб (арабша – жүзім) керек!» - деп қарсы шығады. Түрік болса «Жоқ, маған әнгур де, инаб та керек емес, мен үзім (түрікше – жүзім) алғым келіп тұр!» - дейді. Румдық та өз дегенінен қайтпай: «Бұларыңның ешқайсысы емес, біз истафил (грекше/румша – жүзім) сатып алуымыз керек!» - деп таласады.

Олар бір-бірінің тілін жеткілікті түсінбегендіктен, әрқайсысы әртүрлі нәрсені сұрап тұр деп ойлайды. Осылайша сөз таласы үлкен ұрысқа ұласып, бір-бірімен жағаласып, жұдырықтаса кетеді. Дәл осы сәтте ол жерден төрт тілді де жетік білетін бір данышпан өтіп бара жатады. Ол төртеуінің де негізінен бір ғана нәрсені (жүзім жемісін) қалап тұрғанын, бірақ оны өз тілдерінде әртүрлі атап жатқанын бірден түсінеді. Данышпан ақшаны қолдарынан алып, базардан жүзім сатып әкеліп, алдарына қояды. Жүзімді көрген төртеуі де мәз-мейрам болып, босқа төбелескендерін ұғады. 

Бүгінгі таңда Маулана біздің ақын деп таласатын елдердің тартысы да тура осы секілді. Бәріне керегі Маулана ақынның ғажап ақыл-кеңестері мен ғибраты мол өлеңдері болса керек. Адамзат баласы рухани әңгімені қажет ететіні сөзсіз. Күнделікті өмірді біз оны ескермеуіміз де сезінбеуіміз мүмкін, бірақ біршама уақыт өткен соң рухани шөл қысқанда тура жаңағы төрт адам секілді бәріміздің жанымыз бір нәрсені қалайды. Ол мейірім, махаббат, шынайылық, достық және осы сөздерді толықтыратын барлық сезімдер. Осы сезімдердің бәрін толық түсіндіретін және оны қолға түсіру үшін не істеу керектігін үйрететін, рухани шөлді басатын дүниелерді Маулананың әдеби мұрасынан кездестіруге болады. 

Бүгінгі күнде Румидің адамзат баласына айтқан негізгі жолдауы, басты үндеуі не еді деген сұрақты өзімізге қоямыз. Мауланың басты үндеуі — сыртқы айырмашылықтарды (дін, ұлт, нәсіл, тіл) ысырып тастап, жүрек көзімен ақиқатқа, иләһи махаббатқа және ішкі болмысты тануға ұмтылу. Сондықтан да орта ғасырда өмір сүрген Маулананың өлеңдерінде ұлтқа, дінге, тілге бөлінбеуге шақырған өлеңдер мен хикаяларды жиі кездестіреміз. 

Маулана Жәләладдин Румидің туған күнінен бері сегіз ғасыр өтсе де, оның қалдырған мұрасы ескірмек түгілі, бүгінгі жаһанданған, қатыгездік пен бөлінушілік белең алған әлемде судай сіңімді, ауадай қажет болып отыр. Әсіресе бір тілде сөйлеп, бір жерде өмір сүретін адамдардың бірін-бірі түсінбейтіндігі мен түсінуге талпынбайтындығы туралы өлеңі бүгінгі таңда ерекше өзекті. Маулана ол туралы былай деп жырлайды: 

Бір тілде сөйлейтін үнді мен түрік те болады, 

Бір-біріне жат секілді екі түрік те болады.

Жүрек тілі мен үйлесім тілі өзгеше болады,

Жүрек тілі – бір тілді болудан артығырақ болады. 

Маулананың адамдарды сыртқы қабығына қарап бөлуді сынап, тіпті айыптап, әрбір жанның түпкі негізі бір екенін, ал адамзаттың ең асыл мұраты - ақиқатқа ұмтылу және өзін-өзі тану екенін жырлайды.

Маулананың тағы бір үлкен ерекшелігі бар. Ақын адамзатты шекаралармен шектемейді. Ол адамды құдайдың жердегі ең көркем туындысы деп білді. Сол себепті де, адам баласының мақсаты — сыртқы дүниені өзгерту емес, өз ішіндегі қараңғылықты жеңіп, жүрегін тазарту, өзін-өзі табу. Ішкі әлеміңді махаббатпен, ғылыммен, біліммен, өнермен, сұлулықпен нұрландыру және осы нұр сәулелі біліміңмен, өнеріңмен бөлісу. Бүкіл әлем біліммен, махаббатпен, сүлулықпен және өнермен мәндірек те сәндірек дегенді тынбай жырлайды.  

Маулана өлеңдеріндегі екінші маңызды бағыты - «иләһи махаббат» (Бүкілғаламдық махаббат). Оның ойынша, махаббат – адамды барлық тар түсініктерден, ұлтшылдық пен топшылдықтан биіктететін жалғыз күш. Махаббат бар жерде бөлінушілікке орын жоқ. Ал махаббатты жүректе сөндірмеу үшін білім, ғылым, өнер, еңбек, адамшылық қажет. 
 
Руми адамды ешқашан жатсынбаған. Ол үшін әрбір адамның жүрегі — ақиқат шырағы жанатын қасиетті мекен. «Жарақат — бұл нұрдың сенің ішіңе енетін жері» деген сөзі арқылы ол адамның басындағы қиындықтар мен ізденістердің өзі оны кемелдікке, өзін тануға жетелейтін жол екенін көрсетті.

Мәулана Жәләладдин Румидің адамзатқа жолдаған басты жолдауы — жүрек пен махаббат тілі. Жүрекпен сөйлесу тілі үшін  аударма қажет емес. Жүректің тілін ұлтына, дініне қарамастан барлық адам түсінеді. 

ХХІ ғасыр — ақпарат тасқынының, әлеуметтік желілердегі жасандылық пен жалғыздықтың заманы. Сырты жылтыраған, іші қалтыраған дәуір: Бүгінгі адамдар сыртқы бейнесін (әлеуметтік мәртебе, бренд, тренд) мінсіз еткісі келеді, бірақ ішкі әлемінде қауқарсыз. Руми: «Сыртқы дүниеңді безендіруге сонша уақыт кетірдің, енді ішкі әлеміңе үңіл, асыл қазына сонда», - деп, адамды өзінің түпкі болмысына назар аударуға шақырады. 

Руми шығармасы – психологиялық ем. Қазіргі уақытта адамдар арасында депрессия, мазасыздық және қатыгездік көп. Руми кез келген сәтсіздік пен қиындықты күйзеліс емес, өсу нүктесі ретінде қабылдауға үйретеді. 

Румидің тағы бір үндеуі – «Әлемді емес, өзіңді өзгерт» принципі. Бүгінгі таңда көптеген адамдар максималист келеді, олар әлемді бірден өзгерткісі келеді. Руми ғасырлар бойы осындай адамдарға бағыт берумен келеді: «Кеше мен ақылды болдым – әлемді өзгерткім келді. Бүгін мен данамын – сондықтан өзімді өзгертіп жатырмын», деп жырлайды.

Румидің тағы бір үндеуі еркіндікке, ішкі еркіндікке қатысты. Комплекстер мен қоғамның қысымына ұшыраған жас буынға Румидің өлеңдері үлкен сенім ұялатады деген ойдамыз. Сен бұл өмірді еңбектеп өту үшін емес, қанатты болып тудың, енді неге ұшудан бас тартасың, деген сауалды төтесінен қояды. Рухани даму үшін бүкіл еркіндігің өз қолыңда, енді неге оны дұрыс пайдаланбасқа. Бұл – күш-жігер сыйлаудың ең жоғарғы шыңы.

Эго мен тәкәппарлықтан арылу мәселесіне Руми қатты көңіл бөледі. Адамдар арасындағы бәсекелестік пен «менмендікті» Руми махаббат пен кішіпейілділік арқылы емдеуге шақырады. Ол адамды материалдық құндылықтардың құлы болмауға, керісінше рухани құндылықтарды қастерлеуге үндейді.
Руми діни догмаларды емес, жүректі, махаббатты жырлады. Ол адамға «ұлысың, сен – бүкіл ғаламның бөлшегісің» дейді. «Сен мұхиттағы бір тамшы емессің, сен бір тамшының ішіне сыйып кеткен тұтас мұхитсың» деп жырлауы арқылы адамзат баласының өміріне жаңа бір серпін алып келді.  

Маулананың өлеңдері – ескірмейтін құндылық. Ол адамзат баласына ортақ мәселелерді жырлаумен қатар қауіпті дүниелерден  қалай аулақ жүрудің жолдарын да көрсетіп кетті. Әлемді өзгертпес бұрын, өзіңнің ішкі әлеміңдегі соғысты, тынымсыз тартысты тоқтатып өзіңді өзгерт, рухани дамы. Осылайша әрбір адам рухани тұрғыдан өзгерсе, қоғам да өзгереді. Қоғам өзгерсе, мемлекет те өзгереді.  

Ғалия Қамбарбекова

шығыстанушы

Комментарии