Қазақстандық оқушылар Үндістанның Хайдарабад қаласында өткен WRO Asia-Pacific Open Championship 2026 халықаралық робототехника чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Ел құрамасын байрақты додаға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы дайындады. NIS 2014 жылдан бері World Robot Olympiad (WRO) қозғалысының Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі қызметін атқарып келеді.
Биыл чемпионатта әлемнің 25 елінен келген 400-ге жуық жас инженер 150-ге тарта команда құрамында бақ сынады. Қазақстан атынан жарысқа Ақтау, Түркістан және Шымкент қалаларынан үш команда қатысты.
Қола жүлдені Ақтаудағы мамандандырылған IT-лицейдің «ITL NOMAD» командасы иеленді. Ернұр Шамыран мен Данияр Тенелхан жаттықтырушысы Ырысджан Шахимованың жетекшілігімен «Smart Museum» жобасын таныстырып, Future Innovators Elementary санатында 160 ұпаймен үшінші орын алды. Жоба музейге арналған робот-гид пен қазақтың ұлттық аспаптарының 3D модельдерінен тұрады. Оның көмегімен келушілер экспонаттармен танысып, ұлттық аспаптардың төл үнін тыңдай алады. Қазақстандық команда осы жобамен Оңтүстік Корея, Германия, Иран, Үндістан және Румынияның бірқатар қарсыласын басып озды.

Ал Түркістандағы RoboMektep.kz робототехника мектебінің «RoboKent/RoboMektep.kz» командасы RoboMission Elementary санатында үздік ондыққа енді. Дулат Әбдіхалық пен Хақназар Джаксылыков жаттықтырушысы Алмас Ташимовтың жетекшілігімен 355 ұпай жинап, оныншы орынға тұрақтады.
Шымкенттегі RoboPark робототехника мектебінің «RP_Energy» командасы RoboMission Junior санатында 18-орын иеленді. Қазақстандық команда Германия, Румыния, Мьянма және Мексика өкілдерінен жоғары нәтиже көрсетті.
Айта кетейік, Назарбаев Зияткерлік мектептері Қазақстандағы WRO қозғалысын 2014 жылдан бері үйлестіріп келеді. Осы уақыт ішінде NIS ұлттық жарыстар мен іріктеу кезеңдерін өткізіп, командаларды халықаралық сайыстарға дайындау, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, қатысушыларға әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.
2026 жылғы халықаралық маусым алдында NIS командалар үшін қарқынды оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырды. Жас робототехниктер бұл жиындарда Үндістандағы WRO Asia-Pacific Open Championship пен WRO International Final додаларына қатар дайындалды.
WRO Asia-Pacific Open Championship – World Robot Olympiad аясында жыл сайын әлемнің үш өңірінде өтетін халықаралық ашық чемпионаттардың бірі. Бұл жарыстар Азия-Тынық мұхиты аймағында, Еуропа және Америка құрлықтарында ұйымдастырылады. Биыл Үндістанда өткен Азия-Тынық мұхиты чемпионатын WRO Association және India STEM Foundation ұйымдастырды.
Халықаралық деңгейдегі мұндай жарыстар қазақстандық оқушыларға әлемнің үздік жас робототехниктерімен бәсекеге түсіп, инженерлік дағдыларын шыңдауға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
WRO 2026 халықаралық маусымы 8–10 желтоқсан аралығында Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласында өтетін әлемдік финалмен жалғасады. Биылғы маусым «Robots Meet Culture» тақырыбына арналған. Әлемдік финалда Қазақстан намысын тоғыз команда қорғайды. Оның бесеуі – Назарбаев Зияткерлік мектептерінен, ал төртеуі – еліміздің жалпы білім беретін мектептерінен.
Я б в… пошел, пусть меня научат, или Как стать студентом акмолинских колледжей в 2024-25 учебном году?
