Ресейдегі Дума сайлауының алдын ала нәтижесі жарияланды

191
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/KCmXEWv19UwSyF2n22gUw8T4EUiyEKiHiMzFupYH.webp

Фото: Getty Images

Ресейде Мемлекеттік Дума сайлауындағы үш күндік дауыс беру аяқталды. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметінше, сайлаушылардың қатысуы 56,66%-ды құрады. Бұл 2021 жылғы сайлаудағы 51,72% көрсеткіштен жоғары. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Хаттамалардың 95,01%-ы өңделгеннен кейін «Единая Россия» 57,83% дауыс жинап, көш бастады. КПРФ – 13,81%, ЛДПР –8,97%, «Новые люди» – 7,96% дауыс алды. Ал «Справедливая Россия» 4,96% көрсеткішпен бес пайыздық межеден өте алмауы мүмкін.

Алдын ала есеп бойынша, «Единая Россия» Мемлекеттік Думадағы конституциялық басымдығын сақтайды.  Партиялық тізім бойынша шамамен 125 мандат алып, бірмандатты округтердің 200-ден астамында жеңіске жетуі мүмкін.

Сайлаушылар белсенділігінің артуы тәуелсіз электоралдық сарапшылардың назарын аударды. Олар жоғары көрсеткішті әкімшілік жұмылдыру және мемлекеттік мекемелер қызметкерлерін дауыс беруге тарту ықтималдығымен байланыстырады.

Кей өңірлерде бюджет саласы қызметкерлеріне дауыс беруді бақылау үшін бірегей нөмірі мен QR-коды бар лотерея билеттері берілгені туралы ақпарат тарады. Камчаткадағы білім саласының қызметкері BBC-ге басшылықтың қызметкерлерден белгілі бір уақытта дауыс беруді талап еткенін айтты.

Сарапшылардың бірі мұндай тәжірибе сайлаушының еркін таңдауына қатысты сұрақ туғызатынын атап өтеді.

Сайлаудың тағы бір ерекшелігі — қашықтан электронды дауыс берудің (ДЭГ) кең көлемде қолданылуы. Мәскеуді қоспағанда, 32 өңірде 3,6 миллионнан астам адам онлайн дауыс берген. Мәскеуде электронды жүйені 3,4 миллионнан астам сайлаушы пайдаланған.

Электронды дауыс берудің нәтижесінде «Единая Россия» 49,6%, «Новые люди» 15,42%, КПРФ 12%, ЛДПР 10,79%, «Справедливая Россия» 5,75% дауыс жинады. Бұл көрсеткіштер жалпы ел бойынша қағаз және электронды дауыс беру нәтижелерінен ерекшеленеді.

Электронды дауыс беру жүйесіне қатысты да сын айтылды. Мәскеуде дауыс берудің алғашқы күндерінде виртуалды кезектер пайда болып, жексенбі күні кейбір учаскелерде қағаз бюллетень беру уақытша тоқтаған.

ОСК басшысы Элла Памфилова электронды дауыс беру инфрақұрылымына хакерлік шабуылдар жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, шабуылдар сайлау процесіне әсер етпеген. Алайда Памфилова жүйеге әдейі зиянды бағдарлама енгізілді деген мәлімдемесіне нақты дәлел келтірмеді.

Сайлау кезінде бақылаушылардың құқықтарына қатысты да дау туындады. «Бірге бақылаймыз» жобасы дауыс беру аяқталғанға дейін сайлау учаскелеріндегі 900-ден астам заңбұзушылық туралы хабар алғанын мәлімдеді. Оның үштен бірінен астамы сайлаушылардың құқықтарына қатысты болған.

«Сайлаулар атласы» жобасының сарапшысы Ксения Смолякованың айтуынша, дауыс берудің алғашқы күнінде шамамен 1,5 мың бақылаушы әртүрлі себептермен учаскелерден шығарылған. Оның сөзінше, олардың арасында КПРФ және «Яблоко» кандидаттарының бақылаушылары көп болған.

Ал ОСК басшысы Элла Памфилова бұл мәліметтерге қатысты ОСК-ға бақылаушылардың құқықтарын жүзеге асырудағы қиындықтарға байланысты бірнеше ондаған ғана өтініш түскенін айтты. Оның мәліметінше, сайлауға 381 мыңнан астам бақылаушы қатысқан.

Сайлау алдындағы маңызды оқиғалардың бірі — «Яблоко» партиясының сайлаудан шығарылуы. Партия бастапқыда тіркеліп, бюллетеньге енгізілгенімен, кейін «Родина» партиясының арызы негізінде сайлаудан алынды.

Партия өкілдері мен олардың жақтастары бұл шешімді саяси тұрғыдан бағаласа, сайлау органдары оны құқықтық процедуралар аясындағы шешім ретінде қарастырды.

Алдын ала қорытынды бойынша, «Единая Россия» Мемлекеттік Думадағы басымдығын сақтап отыр. КПРФ, ЛДПР және «Новые люди» де парламенттегі өкілдігін сақтауы мүмкін.

Ал «Справедливая Россияның» бес пайыздық межеге жете алмауы — сайлаудың негізгі күтпеген нәтижелерінің бірі. Дегенмен түпкілікті қорытынды барлық хаттамалар өңделіп, мандаттар бөлінгеннен кейін ғана белгілі болады.

Комментарии