Президент Мирзиёев өз елін 112 доллармен тыныштандырмақ

88
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FIUciNlaMzHZpajkGztpoRzyCHdBxGBJQeBGHOnD.jpg

Өзбекстанда тұрмыстық шудың шамадан тыс деңгейі үшін салынатын айыппұлдар айтарлықтай көбейеді. Президент Шавкат Мирзиёев тиісті заңға қол қойды. Құжат Lex.uz порталында жарияланды. Алайда заң үш айдан кейін – 2026 жылғы 11 желтоқсанда күшіне енеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Атап айтқанда, заңда Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекстің 192-бабына («Тұрмыстық шуға қарсы күрес талаптарын бұзу») өзгерістер енгізу қарастырылған.

Қазіргі уақытта түнгі уақытта азаматтардың тыныштығын бұзғаны үшін жеке тұлғаларға салынатын айыппұл базалық есептік мөлшердің (БРВ) үштен бір бөлігін құрайды — шамамен 147 мың сум ($12,5). Өзгерістер күшіне енгеннен кейін бұл құқық бұзушылық үшін ең төменгі айыппұл 3 БРВ-ға, яғни 1,3 млн сумға ($112) дейін өседі. Осылайша, айыппұл мөлшері 9 есеге артады.

Сондай-ақ азаматтардың бір жыл ішінде «тыныштық уақытын» қайта бұзғаны және лауазымды тұлғалардың әрекеттерінен туындаған шамадан тыс шу үшін жаза күшейтіледі. Бірінші жағдайда айыппұлдың ең жоғары мөлшері 7 БРВ-ға — 3 млн сумнан астамға ($255), ал екінші жағдайда 20 БРВ-ға — 8,8 млн сумға ($746) дейін жетеді.

Бұдан бөлек, шамадан тыс қатты дыбыстарға тыйым салынатын уақыт аралығы да өзгереді. Қазіргі уақытта бұл талап аптаның барлық күндерінде 23:00-ден 06:00-ге дейін қолданылады. 11 желтоқсаннан бастап тұрмыстық шу нормаларының бұзылуы жұмыс күндері 23:00-ден 07:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 22:00-ден 09:00-ге дейін тіркеледі.

Құрылыс және жөндеу компанияларына рұқсат етілген нормадан асатын шу көздерін тек жұмыс күндері, 09:00-ден 18:00-ге дейін пайдалануға рұқсат беріледі.

Сонымен қатар шамадан тыс шу шығаратын көлікті пайдаланғаны үшін айыппұл екі есеге өседі: қазіргі 0,5 БРВ-дан 1 БРВ-ға дейін, яғни 220 мың сумнан ($18,5) 440 мың сумға ($37) дейін көбейеді.

Заңда рұқсат етілген шу деңгейі адамның айқын мазасыздануын, ағзаның функционалдық жүйелері мен дыбысқа сезімтал мүшелерінде елеулі өзгерістер туғызбайтын, сондай-ақ санитарлық нормалар мен ережелерге сәйкес келетін шу деңгейі ретінде анықталған.

Адамдардың тыныштығын бұзуы мүмкін қатты дыбыстарға тұрмыстық және шаруашылық жұмыстар, құрылыс алаңдарындағы жұмыстар, технологиялық жабдықтардың жұмысы, көлік құралдары, сауда нысандарының, қоғамдық тамақтану орындарының және ойын-сауық саласындағы қызмет көрсету нысандарының жұмысы, сондай-ақ пиротехниканы пайдалану жатады.

Бұл ретте заң табиғи құбылыстардан туындайтын шуға, құқық бұзушылықтардың алдын алу немесе медициналық көмек көрсету кезінде пайда болатын дыбыстарға, сондай-ақ мерекелік, спорттық және мәдени іс-шаралар, діни рәсімдер мен салтанатты шаралар кезінде шығатын шуға қолданылмайды.

Құжатта тыныштықты бұзудан зардап шеккен азаматтардың сот тәртібімен құқық бұзушыдан өтемақы талап етуге құқылы екені көрсетілген. Оның мөлшерін кейін республика үкіметі белгілейді.

Сонымен қатар түнгі уақытта белгіленген шу нормаларын үнемі бұзатын нысандарға билік органдары санкция қолдана алады. Ішкі істер министрлігі немесе Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық және қоғамдық денсаулық комитеті мұндай кәсіпорынның қызметін 10 жұмыс күніне дейін тоқтата алады.

Егер нысанның қызметін одан да ұзақ мерзімге тоқтату қажет болса, тиісті ведомстволардың өтініші негізінде бұл шешімді сот қабылдайды.

Комментарии