Маңғыстаудың су қауіпсіздігі күшейтілуде: «МАЭК» су жинау инфрақұрылымын жаңғыртып жатыр

204
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/avN9j50YMDXFAuwY07YpOzmicGGon53ARVhmSIUr.jpg

Маңғыстау облысында өңірдің су қауіпсіздігін нығайтуға, Ақтау қаласын сумен жабдықтаудың тұрақтылығын арттыруға және Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі жағдайында «МАЭК» ЖШС-нің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «МАЭК» ЖШС аумағында болып, су жинау инфрақұрылымын жаңғырту және кері осмос технологиясы негізінде жаңа тұщыту станциясын салу жобаларының іске асырылу барысымен танысты.

Негізгі жобалардың бірі – №1 су жинау каналына іргелес канал салу. Жоба аясында қолданыстағы каналдың тереңдігі 1,5 метрден 4 метрге дейін ұлғайтылып, ұзындығы 650 метрге жеткізіледі. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар №2 су жинау каналына іргелес канал салу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның мақсаты – «МАЭК»-ке түсетін су көлемінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, Каспий теңізінің тайыздануының әсерін барынша азайту.

Жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде ұзындығы 900 метр учаскеде түбін тереңдету жұмыстары жүргізіледі. Екінші кезеңде канал теңіз бағытына қарай 1410 метрге ұзартылады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 65 пайызы орындалған.

Су қауіпсіздігін нығайтудың тағы бір маңызды бағыты – «МАЭК» аумағында кері осмос технологиясы негізінде жаңа тұщыту станциясын салу. Жоба тәулігіне 24 мың текше метр пермеат өндіруге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта қажетті жабдықтардың бір бөлігі жеткізіліп, монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарының 30 пайызы орындалған.

Жаңа станцияның іске қосылуы тұщы су өндіру көлемін арттырып, қолданыстағы дистилляциялық тұщыту қондырғыларына түсетін жүктемені азайтуға және оларды кезең-кезеңімен жөндеуге мүмкіндік береді. Бұл сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттырып, Ақтау тұрғындарын ауызсумен тұрақты қамтамасыз етуге қосымша мүмкіндік береді.

Жобалардың маңыздылығы Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі жағдайында арта түсуде. Теңіз деңгейінің өзгеруі су жинау құрылыстарының жұмысына және өңірдегі сумен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

Жобалардың іске асырылу барысымен танысқан облыс әкімі сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігі өңірдің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті.

– Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі Маңғыстаудың су қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Мұндай жағдайда «МАЭК»-тің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету – өңір үшін стратегиялық міндет. Кәсіпорынның сенімді жұмысына Ақтаудың су және энергетикалық жүйелерінің тұрақтылығы тікелей байланысты. Сондықтан су жинау каналдарының құрылысын уақтылы аяқтап, жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу қажет. Басты басымдық – халықты сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету. Жобаларды іске асыру кезінде құрылыс сапасына, жұмыстардың белгіленген қарқынмен жүргізілуіне және бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуына ерекше назар аудару қажет. Әрбір нысан белгіленген мерзімде аяқталып, өңір тұрғындары үшін нақты нәтиже беруге тиіс, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдарға жұмыстарды қажетті қарқынмен жүргізуді, туындаған мәселелерді жедел шешуді, құрылыс сапасына бақылауды күшейтуді және белгіленген мерзімдердің бұзылуына жол бермеуді тапсырды.

Жобалардың іске асырылуы Маңғыстаудың су шаруашылығы инфрақұрылымын нығайтып, «МАЭК»-тің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және ұзақ мерзімді перспективада Ақтауды сумен тұрақты жабдықтауға қосымша кепілдік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Комментарии