"Қоғам қалды ары жетiм..." Белгілі ақын Бекжан Әшірбаев өмірден өтті

348
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/CIDM48kuOrY249phLVxcqdXRYXG11r2t8iiXguRo.jpg

Қазақтың айтыс өнеріне, журналистикасы мен әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын, сазгер, журналист-жазушы Бекжан Төребекұлы Әшірбаев өмірден өтті, деп хабарлайды "Адырна".

Бекжан Әшірбаев 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Жастайынан өлең өнеріне қызығып, 1989 жылдан бастап республикалық ақындар айтысына қатысқан. Айтыс сахнасында өзінің байыпты ойы, ұтқыр сөзі және өзіндік мақамымен танылды.

1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын журналистика саласымен қатар ұстаздық қызметпен ұштастырды. Әр жылдары «Қазақ университеті», «Ел мен жер», «Заң» басылымдарында басшылық қызметтер атқарып, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары болды.

Бекжан Әшірбаевтың шығармашылық қыры да көпшілікке жақсы таныс. Ақынның «Қоңыр әуен» атты жыр жинағы жарық көрген. Ол сазгер ретінде де танылып, әнші Тоқтар Серіктің орындауындағы «Көршінің қызы» әні арқылы кеңінен белгілі болды. Қаламгердің Қазақстан авторлар қоғамында ондаған әні мен мәтіні тіркелгені туралы деректер бар.

Ақын ұзақ жылдар бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұстаздық қызмет атқарып, журналистиканың қыр-сырын шәкірттеріне үйретті. Оның алдынан өткен көптеген шәкірттері кейін бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етті.

Бекжан Әшірбаев әдебиет пен журналистикадағы еңбегі үшін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды.

Бекжан Әшірбаевтың шығармашылығы айтыс өнерімен ғана шектелмей, поэзия, музыка, журналистика және ұстаздық салаларымен сабақтасты. Оның артында өлеңдері, әндері, мақалалары мен шәкірттері қалды.

Қазақ руханиятына өзіндік үлес қосқан қаламгердің қазасы – әдебиет пен журналистика қауымы үшін ауыр қаза. Бекжан Әшірбаевтың есімі мен шығармашылық мұрасы ел жадында сақталмақ.

Өлдi ақын...
Қоғам қалды ары жетiм.
Жасымен жуғансыды бәрi бетiн.
Қазаны жеткiздi олар бiр-бiрiне,
Айтқандай ауа райы мәлiметiн, - деп жазған еді Бекжан ақын.
Комментарии