"Жындыхана дәретханасының ішіне де, сыртына да ілмек салуға рұқсат етілмейді..."

150
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/rd6G0JHDqShORiFCuabiH6j07hs7TuAVuFUZDDsN.jpg

Алдымен үйде отырып өзіміздің нөмірі 12-ші емханаға телефон шалдық. Отыз жылдан бері осында тіркеуліміз ғой.

- Не мәселемен?- деп сұрады ар жақтағы дауыс.

- Жүргізуші куәлігіне қажет медициналық комиссиядан өтіп, анықтама алуым керек еді. Осында тіркеулімін. Жасым 68-де,- деп екі рет сұратқызбай барлық ақпаратты бірден үйіп-төгіп тастағанбыз. 

Бекер айтыппыз.

- Біздің емханада ондай комиссия жоқ,- деді ар жақтағы дауыс.

- Енді қайтемін?

- Жандасов, 6-ға барыңыз. Сонда комиссия бар. Әйтпесе, Каблуковада өтуге болады,- деді ар жақтағы дауыс жанашырлықпен.
Сонымен ертелетіп Жандосов, 6- ға келгенбіз. Тіркелетін бөлмеде өте сұлу қыз отыр екен. 

- Қалқам, комиссиядан өтетін едім…

- Ата, мен мұнда жай отырмын. Қазір тіркейтін кісі келеді.

Сұлу қызға қарап жайдан жай сағаттап отыруға пейілдіміз ғой. Тек “ата” дегені қиындау тиді. Қыз компьютердің бетіне, біз қыздың бетіне қарап он бес минуттай отырдық. Ләззатты сырттан кірген қызметкер әйел бұзды. 

- Не шаруамен?

- Жүргізуші куәлігі үшін медициналық комиссиядан өтуге келдім.

- Бізде комиссия болмайды. Терапевт еңбек демалысына шыққан.

Сөлбірейіп шықтық та смартфондағы картаға қарадық. Каблуков көшесі Кекілбаев болып өзгеріпті. “Әттең, Әбекеңе жындыханасы жоқ көше бұйырмаған екен” деді бір ойымыз. “Бұған да тәубе” деді екінші ойымыз.

Иә, Кекілбаев көшесінің бойында “Психикалық денсаулық орталығы” деп көрсетіп тұр. Телефондары жазулы. Хабарласып едік, “комиссия бар, 2-ші кабинетке келесіз” деді.

Солай қарай аттандық. Әуезов көшесінің шеті қопарылып жатыр, Манас көшесі мүлде қопарылып жатыр, Жандосов көшесінің қапталдары қопарылып жатыр, Розыбакиевтен Өтеповке бұрылатын тұс қопарылып жатыр. Жер жүзінде көше талқандаудан жарыс өтсе, Алматы бәйгені шаппай алары хақ.

Әсіресе, Жандосовтан Розыбакиевке солға қарай бұрылар жер сұмдық. О дүниедегі қиямет-қайымның қыл көпірі бұдан жеңіл шығар деп ойладық.

Әупірімдеп Розыбакиевке шықсақ көлденең көшедегі тақтайшаға “ Климент Тимирязев” деп жазыпты. Атын жазбаса да болар еді, сонша әлпештейтіндей қазаққа несі өтіпті.

Бізге салса осы көшеге академик Жолдасбековтың аты лайық еді. Оны апарды да жарты шақырымдық шолақ көшеге бере салды.

Сонымен психикалық денсаулық орталығына келдік. Көлік қояр тұсы тар екен. Шыға беріс жағына қойып едік, тура қарсымызда полиция деген жазулы қызметтік автокөлік тұр екен. Ішінде смартфон шұқылап қызметкер отыр.

Терезесін қағып:

- Қарағым, автөлікті дұрыс доғардық па?- деп едік.

Ол смартфоннан басын көтерместен “ары таман қою керек” деді. Ары таманда бос жер жоқ. Осы кезде іштен екінші полиция қызметкері шығып, “аға, машинаңыз тұра берсін” деді.

Ал қайсысын тыңдайсың. Дәу де болса көлікте ерігіп отырғанының шені үлкен шығар деп, қашан бір көлік орын босатқанша күтіп тұрдық.

“Екінші” кабинеттің есігінің алды топырлаған 65 жастан асқандар. Үкіметтің, оған қарасты министрліктің жеті атасын жіберіп жатыр. Кезекке тұрдық. 

Осы кезде кіші дәрет әбден қыштаған. Енді таңертең Тұздыбастаудан шыққалы, қаланың кептелісімен жүргелі екі сағаттан асқан.  Дәретханаға келсек есіктің сыртына “занято” деген тақтайша ілінген. Бес минуттай күттік, ешкім шықпайды, еш дыбыс естілмейді. Болмаған соң ақырын тартып көрсек, есік ашық. Басымызды сұғып байқасақ, ішінде ешкім жоқ.

Кірдік. Енді қарасақ ілмек жоқ. Оған алаңдауға шама қалмаған…

Екінші кабинеттегі кезегіміз де келген екен. Екі қызметкер қатар қабылдап, қағаз толтырады. Жалпы жолымыз болатын жанбыз ғой, тура сұлу қызға тап келдік.

Ол төлқұжатымызды алып толтырып жатқанда егделеу екінші қызметкеріне ескерту айтпақ болдық. Сұлу қыздарға ескерту айту дағдымызда болмаған. 

- Қарағым, дәретханаларыңда күршек жоқ екен…

- Аға, ереже бойынша жындыхананың дәретханасының ішіне де, сыртына да ілмек салуға рұқсат етілмейді.

Кассаға 9 мың теңгеден асатын ақша төлеп, қағаздағы рет бойынша алғашқы кабинетке кірдік.

Онда қызметкер шағын банканы алып, қақпағына “ОЛЖ” деп жазып, белортасынан қара сызық тартты. 

- Мына деңгейден асырмай кіші дәретіңізді алып келіңіз.

Мәс-саған, безгелдек.

Автокөлікте қатын салып берген таза суымыз бар еді. Соны ішіп келдік. Ендігі міндет — қара сызықты сақтау. Бір қарасақ жетпей тұрмыз, және ышқынып шектен асыр бере тоқтадық.

Апардық, “ОЛЖ-ды” өткіздік. 

- Күтіңіз.
Бізге дейін де ышқынып алған 65-тен асқандар күтіп отыр, қатарына қосылдық.

Осы кезде миымыз зырқ етті. Кеше кешкілік моншамызға түскенбіз. Қатынның арқасын ысып келген соң әлгі қызылқатқа тұндырылып, Алтай балы қосылған “Архангелскіден” дәстүрлі 50 грамм тартып алып едік қой!

Тамыздың 25-іне дейін Құдайдың қаншама күні бар, несіне пысықси қалдық?

Осы кезде іштен фамилиямызды айтты. Баяғыда  ҚазМУ-ге емтихан тапсырған бозбала шағымыздан бетер қобалжи кірдік.

- Таза!

Ух! Негізі өзіміз таза адамбыз ғой!

Қайнар Олжай

 

Комментарии