22 мыңнан астам талапкер Абай университетін таңдады

109
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/CWejhAaNGPyw7yoQj3mjKwAnThYafSIjW205JXOF.jpg

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына биыл 127 мыңға жуық талапкер өтініш берген. Байқау талаптары бойынша үміткерлер 4 түрлі білім беру бағдарламасы мен жоғары оқу орнын таңдауға құқылы. Өтінімдер нәтижесінде Абай университетін 22 мыңнан астам талапкер таңдап, тарихы 100 жылға жуықтаған тұңғыш жоғары оқу орнында білім алуға ниет білдіріп отыр. Осылайша «Талапкер – 2026» науқанында педагогикалық көшбасшы қасиетті қара шаңырақ еліміздің жетекші университеттері арасынан алдыңғы қатарға шықты. 

Қазақстан бойынша 13-20 шілде аралығында мемлекеттік грант конкурсына өтініш қабылдау жүргізілді. Жалпы саны 127 мыңға жуық талапкер конкурсқа өтініш жазған. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше биыл бакалавриат деңгейінде білім алуға 75 мыңнан астам грант бөлініп отыр. Гранттардың басым бөлігі (60%) инженерлік бағыттағы мамандықтарға, 20% – педагогикалық мамандықтарға, 20% – басқа салаларға  еңбек нарындағы қажеттілікті ескере отырып берілді.

Абай университетінің қабылдау комиссиясы да мемлекеттік грантқа өтініш қабылдау науқанын сәтті жүргізді. Конкурс талаптарына сай талапкер 4 түрлі білім беру бағдарламасы мен жоғары оқу орнын таңдауға құқылы екенін ескерсек, осындай нақты таңдау бойынша педагогикалық бағытта Орталық Азия мен Қазақстандағы көшбасшы университет елімізде алдыңғы қатарға шығып отыр. Ұлттық тестілеу орталығының дерегіне сәйкес, Абай атындағы ҚазҰПУ-ды республика бойынша 22 115 талапкер өз таңдауында көрсеткені соған нақты дәлел. Оның ішінде: 1-таңдауда – 6479, 2-таңдауда – 6162, 3-таңдауда – 5458, 4-таңдауда – 4016 талапкер белгілеген. 

Сондай-ақ университетке 423 «Алтын белгі» иегері, 614 үздік аттестат/диплом иелері, 16 патриоттық жетістіктері немесе пәндік олимпиада жеңімдары оқуға түсуге өтінім білдірген. Көптеген талапкерлер Абай университетіндегі құқық, шет мұғалімдері даярлау және информатика пәні мұғалімі білім беру бағдарламаларын таңдаған. Атап айтсақ, (KZ-FR-007) «Құқық» – 1 230 , B018 «Шетел тілі мұғалімдерін даярлау» – 1 173, B011 «Информатика мұғалімдерін даярлау» – 953 өтініш түскен. 

Мемлекеттік білім беру грант нәтижесі 10 тамызға дейін жарияланады. Ал университеттің қабылдау комиссиясы 25 тамызға дейін жұмыс істейді. 

Комментарии