Ақмола облысында Жаңа Конституцияның ел дамуындағы рөлі талқыланды

287
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/DDJCtWMEAjdDvL4TaAcuxEQNvOuFn3cIJLAAgIoN.jpg

Ақмола облысында «Әділетті Қазақстан жолындағы Конституцияның рөлі» тақырыбында актив отырысы өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар және қоғам белсенділері қатысып, 1 шілдеден бастап күшіне енген Жаңа Конституцияның маңызы мен оның елдің алдағы дамуына ықпалын талқылады.

Жиынды ашқан Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстанның болашақ бағытын айқындайтын тарихи оқиға екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ата заң ел дамуының жаңа кезеңін белгілеп, уақыт талабына толық жауап береді.

«Жаңа Конституция – мемлекеттің болашағын айқындайтын стратегиялық құжат. Оның негізінде әділдік, заң үстемдігі, адамға деген құрмет, еңбекке деген көзқарас және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік қағидаттары жатыр. Барлық өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру», – деді Марат Ахметжанов.

Облыс әкімі жаңа нормаларды қабылдаумен ғана шектелмей, олардың нақты өмірде жүзеге асуы маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік органдардың басты міндеті – жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін әрбір қазақстандық сезінуі үшін тиімді жұмыс істеу.

Кездесу барысында Ақмола облысының даму бағыттарына да тоқталды. Қазіргі таңда өңірде жаңа технологияларды енгізуге бағытталған жобалар жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, цифрлық IT-кластер қалыптастыру, агроөнеркәсіп кешенінде заманауи шешімдерді пайдалану және шетелдік серіктестермен бірлесіп мал шаруашылығына жаңа тәсілдерді енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Облыс басшысы мұндай жобалар өндіріс тиімділігін арттырып, өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтуге және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететінін атап өтті.

Жиын соңында қатысушылар Жаңа Конституция алдағы реформалардың берік негізіне айналатынын айтып, оның табысты жүзеге асуы мемлекет пен қоғамның бірлескен жұмысына байланысты екенін жеткізді.

Комментарии