Самокаттарға тротуармен жүруге тыйым салынады

202
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Zw8wvlfK0qar2wnkF7TXIunm9gEv3B3iwvJmwmwq.webp
Фото: Depositphotos.com
Қазақстанда жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарына бақылау күшейтіліп, электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады, деп хабарлайды "Адырна".

Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 24 маусымда қол қойған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол қозғалысы және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға түсініктеме берді.

Ведомствоның мәліметінше, жол қозғалысы саласындағы өзгерістер жол қауіпсіздігін арттыруға, жүргізушілерді сапалы даярлау жүйесін қалыптастыруға және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған.

Осыған байланысты жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган – Ішкі істер министрлігіне жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарына қызмет жүргізуге рұқсат беру және олардың жұмысын бақылау құзыреті беріледі.

Заңдағы маңызды жаңалықтардың бірі – электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салу. Министрлік мұндай көлік құралдарының, әсіресе балалар үшін, жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіретінін атап өтті.

Ведомство дерегінше, 2025 жылы елімізде электросамокат жүргізушілерінің кінәсінен 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 149 адам жарақат алған.

Сонымен қатар түзетулерге сәйкес, "Жол жүрісі туралы" заңнан елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлікті тұрақта қалдыруға қатысты тыйым алынып тасталады. Бұдан бөлек, жол қозғалысын автоматты түрде тіркейтін камераларды қолдану аясы кеңейтіліп, электромобильдер үшін арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірлері енгізіледі.

Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, енгізілген өзгерістердің барлығы жол қауіпсіздігін күшейтуге және жол қозғалысына қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Комментарии