“Футболмен тыныстайтын қала”. Ақтөбе - Алтай матчы қалай өтті?

125
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/CLhBbT8lP3zhXGx8P2n9sn4XU8eHjnchbnWPD2x9.jpg

14 маусымда Қазақстан Премьер лигасының 13-туры аясында Ақтөбе мен өскемендік Алтай арасында ойын өтті. Ақтөбелік жанкүйерлер үшін бұл кезекті тур емес, футбол мерекесі болды.

Турнирлік кестедегі жағдайды жақсарту әрі Қобыланды батыр стадионын лық толтырған жанкүйерлердің үмітін ақтау үшін өз алаңында ұпайды жібермеу «Ақтөбенің» басты міндеті еді. Ойынды сәтті өткізу сырт алаңда ойын өткізетін шығыстық команда үшін де маңызды болды, өйткені әр ұпай олардың турнирлік кестедегі орны мен премьер лигадағы болашағын шешеді.  

ЖАНКҮЙЕРЛЕРДІҢ СЕНІМІ

Турнирлік кестеде 7-орынды иеленген Ақтөбе өз үйінде 14-орында тұрған Алтайды қабылдады. Матчты тамашалауға 11 000 адам жиналып, басым көпшілігі ақтөбелік команданың жеңісіне сенімді болды. 

“Біз жеңісте де, жеңілісте де Ақтөбемен біргеміз! Бүгінгі ойында Ақ-қызыллардың жеңетініне нық сенімді болдым,- дейді 13-сектордағы жанкүйерлердің бір бөлігі.

Матч барысында “О, Ақтөбе, сен көп жаса!” деп әндеткен “13 сектор” ойынның соңында да ойыншыларға алғыс пен қолдау білдірді.

 

ОЙЫН БАРЫСЫ

Алғашқы 45 минут күреске толы болғанымен таблода есеп ашылмады. Дегенмен Қобыландыны толтырған жанкүйерлердің үміті келесі таймда алаңға шығатын ойыншыларда еді. Екінші тайм мүлдем бөлек сценариймен өрбіді. Бапкерлер құрамының жасаған ауысымдары ойынның қарқынын түбегейлі өзгертті. «Ақтөбе» қысымды үдетіп, қарсыластың қорғаныс шебін екі рет бұзып өтті. Осылайша, 57 минутта Виталий Латурнус есеп ашса, 71 минутта Иван Ордец есепті еселеді. 

ЖАС ТАЛАНТТЫҢ ЖАРҚЫРАУЫ

17 жастағы ақтөбелік Виталий Латурнус Алтаймен өткен матчта өзінің төртінші голын салып, матчтың ғана емес, команданың қаһарманына айналды. 55-минутта бапкердің шешімімен алаңға шыққан ол 2 минуттан соң гол авторы атанды. Жанкүйерледің ықыласына бөленген “алтын балаға” ойын соңында команда үшін өте маңызды ЗИГА-ЗАГА айту бұйырды.

«ҚАЙРАТТАН» КЕЛГЕН ЖАҢА КҮШ

82-минутта “Қайрат” сапынан жақында ғана келген Гиорги Зариа алаңға шықты. Дебюттік ойында өз деңгейін көрсетеді білген футболшыға жанкүйерлердің сенімі де мол болды. 

ОЙЫН СОҢЫНДАҒЫ ЛАЙЫҚТЫ ЖЕҢІС

Ойын соңында жартылай қорғаушы Георгий Жуков “Ақтөбе” футбол клубының әлеуметтік желідегі парақшасында ойын жайлы қысқаша пікірін білдірді:

 “Менің ойымша, бүгін біз лайықты түрде жеңіске жеттік. Ойын басынан үлкен қарқынмен ойладық. Бүгін жай ғана жеңіс болмады, бүгін шынымен мықты болдық. Команда ретінде жақсы дайындалдық әрі жаңа ойыншылардың келуі мен халықаралық үзілістер де бізге жақсы әсер етті”.

“Бұл ойын тек ойыншылар үшін ғана емес, бүкіл команда және жанкүйерлер үшін де өте маңызды болды. Бірақ мен үшін бүгін жеңістен де маңыздысы ойыншыларымыздың қазіргі кезде өздеріне көрсетіліп жатқан қысымға қалай жауап бергені. Меніңше, бұл – ауқымды жеңістерге бастайтын алғашқы қадам,- деді бас бапкер Штефан Таркович пресс-конференцияда.


Еске сала кетсек, кезекті тур қорытындысы бойынша Ақтөбе 19 ұпаймен 7-орынын сақтаса, Алтай 9 ұпаймен 15-орынға табан тіреді. Қобыланды батыр стадионындағы келесі матч маусымның 21-і Астанамен өтеді, ал өскемендік Алтай клубы келесі ойынын 20 маусым өз алаңында Жетісуға қарсы өткізбек.

Ақторғын Сағызғалиева

Комментарии