Алғаш рет әлем чемпионатына қатысқан Өзбекстанның дебюті жеңіліспен басталды

452
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YZFbx4vCvNUyT4malcrAJPtTSklRHcO2t0Tl447L.webp

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының K тобындағы алғашқы турда Колумбия құрамасы Өзбекстанды 3:1 есебімен жеңді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионында өткен кездесуде колумбиялықтар есепті бірінші таймның соңына қарай ашты. 40-минутта Луис Диастың тамаша пасынан кейін Даниэль Муньос Өзбекстан қақпасын дәл көздеп, гол соқты.

Әлем чемпионаттарындағы дебюттік матчын өткізген Өзбекстан құрамасы екінші таймда таразы басын теңестірді. 60-минутта Аббосбек Файзуллаев ұлттық құраманың мундиальдар тарихындағы алғашқы голының авторы атанды.

Алайда бес минуттан кейін Колумбия қайта алға шықты. Луис Диас Густаво Пуэртаның пасын сәтті пайдаланып, айып алаңының сол қапталынан қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді.

Қосымша уақыттың 90+9-минутында Хаминтон Кампас тағы бір гол соғып, ойынның нүктесін қойды.

Осы матчпен әлем чемпионатының K тобындағы алғашқы тур аяқталды. Топтағы тағы бір кездесуде Португалия құрамасы күтпеген жерден ДР Конгомен 1:1 есебімен тең түсті.

Екінші турда Колумбия 23 маусымда ДР Конгомен кездессе, Өзбекстан сол күні Португалияға қарсы алаңға шығады.

Айта кетейік, Өзбекстан – әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысу құқығына ие болған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Ел құрамасы жеті сәтсіз іріктеу науқанынан кейін тұңғыш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алған болатын. Өзбекстан мундиаль жолдамасын 2025 жылдың маусымында Абу-Дабиде өткен матчта Біріккен Араб Әмірліктеріқұрамасымен 0:0 есебімен тең түсу арқылы рәсімдеген.

Комментарии