Иран өкілі АҚШ-пен келісімге қол жеткізілгенін растады

169
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/MeLz23Te4SxYHsyv5vpyyn5T0OXhFlztPrG5W8G5.jpg

Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади АҚШ-пен келісімге қол жеткізілгенін растап, өзара түсіністік жөніндегі меморандум 19 маусымда Швейцарияда қол қойылатынын айтты. Бұл туралы Tasnim агенттігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Өзара түсіністік жөніндегі меморандумның мәтіні аяқталды. Оған ресми қол қою рәсімі жұма күні Швейцарияда өтеді. Екі делегация басшысы өзара іс-қимылдың келесі тәртібін айқындау үшін келіссөздер жүргізеді. Осы уақытқа дейін америкалық тараптың соғысты тоқтату, блокаданы алу және бұғатталған активтерді босату жөніндегі міндеттемелері тексеріледі. Алпыс күндік келіссөз процесі АҚШ осы міндеттемелерді орындауына байланысты болады», – деді Гарибабади.

Оның айтуынша, келісімге қол қойылғаннан кейінгі 60 күн ішінде тараптар санкциялар, ядролық бағдарлама және экономикалық даму тетіктері сияқты мәселелерді талқылайды.

Гарибабади сондай-ақ келісім Ливанға да қатысты екенін атап өтті.

«Бүгін кешке әртүрлі майдандарда, соның ішінде Ливанда да соғыс қимылдарының дереу және тұрақты түрде тоқтатылатыны жарияланады», – деді ол.

Иран шенеунігі келісім мәтінінде Иранның барлық негізгі ұстанымы көрініс тапқанын, ал құжат 19 маусымдағы қол қою рәсіміне дейін жарияланатынын айтты. Оның сөзінше, Израильдің Ливанға жасаған шабуылынан кейін Иран Қарулы күштері жауап қайтаруға дайындалған. Бұл ұстаным, Гарибабадидің айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың Израильге қатысты неғұрлым қатаң позиция ұстануына ықпал етіп, келісімнің кейбір тармағын ілгерілетуге мүмкіндік берген.

Сонымен қатар ол қол жеткізілген келісімге қарамастан, Иран Қарулы күштері «әрқашан қарсыластың жоспарларына қарсы тұруға дайын» екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ пен Иранның 19 маусым күні Швейцарияда бейбіт келісімге қол қоятынын жазған едік.

Комментарии