Алматы жолдарындағы бақылау күшейтілді. Құжатсыз жүрген жүргізушілер ұсталды

200
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/5DwqSmOiYHjVrHznrZKUhTEKFOp9LEGoDfVLEbiU.jpg

Алматыда «Рубеж» бекеттері 1,5 мыңға жуық құқық бұзушылықты анықтады

Алматы қаласының негізгі кіреберістерінде орнатылған «Рубеж» бекеттерінің жұмысы жалғасуда. Жаңартылған формат іске қосылғалы бері шамамен 1,5 мың құқық бұзушылық анықталған. Олардың қатарында тыйым салынған заттарды тасымалдау және жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері бар, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Polisia.kz-ке сілтеп.

Осы уақыт ішінде көлік құралдарының уыттылық және түтін шығару нормаларын асырудың 500-ге жуық дерегі тіркелген. Сонымен қатар, 88 жүргізуші көлік құралын құжатсыз басқарғаны үшін жауапқа тартылса, 125 көлік техникалық байқаудан өтпей пайдаланылғаны анықталған. Тағы 61 жүргізуші сақтандыру полисінің болмауына байланысты жауапкершілікке тартылып, 122 адам қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін жазаланған. Сондай-ақ мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген 7 көлік анықталды.

Тексеру барысында барлығы 111 тыйым салынған зат тәркіленді. Оның ішінде 109 суық қару және 2 атыс қаруы болған.

Алматы қаласы полициясы әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдинұр Тасыбаев «Рубеж» бекеттері қалаға кіретін жолдардағы кешенді қауіпсіздік сүзгісі қызметін атқаратынын айтты.

Оның сөзінше, бұл жүйе көліктердің техникалық ақауларын, заңнаманы өрескел бұзу фактілерін және тыйым салынған заттарды тасымалдау жағдайларын бір мезетте анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Полиция өкілдері «Рубеж» бекеттерінің жұмысы тұрақты негізде жалғасатынын және профилактикалық шаралар одан әрі күшейтілетінін мәлімдеді.

Комментарии