«Ең қисынсыз шешім». Аймағамбетов жаңа реформаны сынға алды

157
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/NceCfEYZUpiVMSdKLD8JxGZmg94CoFHE6TdBtSsX.jpg

Мәжіліс білім беру жүйесін қаржыландыру мен басқару өкілеттіктерін аудандық деңгейге беруді көздейтін заң жобасын мақұлдап, құжатты Сенатқа жолдады. Алайда бұл бастамаға депутат Асхат Аймағамбетов қарсы пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Айтуынша, мектептер мен балабақшаларды басқару, кадрлық саясат, әдістемелік жұмыстар және білім сапасына қатысты өкілеттіктердің аудан әкімдіктеріне берілуі жүйенің тиімділігіне теріс әсер етуі мүмкін.

Депутат бұл мәселе Мәжілісте бірнеше рет талқыланғанын, алайда сарапшылар мен қарсы пікір айтқан тараптардың уәждері ескерілмегенін айтты. Оның пікірінше, қабылданған шешім елдегі 4 миллионға жуық оқушының білім алу сапасына тікелей ықпал етуі ықтимал.

«Білім беру саласына байланысты ең тиімсіз әрі ең қисынсыз шешімдердің бірі қабылданды. Сенаттан кеткен заң жобасын біз бірнеше рет талқыладық. Кәдімгідей пікірталас болды. Бірақ сол кездегі пікірталаста айтылған аргументтерді ескермей, сарапшылардың айтқанын тыңдамай, үн-түнсіз 4 млн баланың тағдырына негативті түрде тікелей әсер ететін тиімсіз шешім қабылданды. Ол – ектептерді, балабақшаларды, сондағы барлық саясатты облыс әкімдерінің құзіреттілігінен алып, аудандық әкімдерге беру. Аудан әкімдеріне білім бөлімдері мен мектеп директорларын тағайындау, ротация және әдістеме мәселесін, білім беру сапасы шаруасын алды да, аудан әкімдіктеріне бере салды. Біз сонда облыс әкімдігіне сенбейміз бе? Білім басқармаларына сенбейміз бе? Бізге 20 бюджетті қадағалау оңай ма, әлде 200-ден аса бюджетті қадағалау оңай ма?»–деді ол.

Бұдан бөлек, депутат мұғалімдерді жұмысқа қабылдау кезіндегі ашықтық мәселесі ушығып, білім беру ұйымдарына әкімшілік ықпалдың күшею қаупі бар екенін айтты. Оның сөзінше, бұл бұрын сынға ұшыраған тәжірибелердің қайта оралуына әкелуі мүмкін.

Комментарии