Мемлекет басшысы Алматы облысына жұмыс сапары барысында өткен кеңесте Қазақстанды «Штрафстан» немесе «Айыппұлстан» деп атайтын азаматтарды сынға алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Президенттің айтуынша, мұндай пікірлерді елге құрметсіздікпен қарайтын адамдар айтады. Ол олардың арасында, өкінішке қарай, Парламент депутаттары да бар екенін атап өтті.
«Кейбір адамдар, өкінішке қарай олардың арасында Парламент депутаттары да бар, елімізге деген сүйіспеншілігі аз болғандықтан немесе оған менсінбей қарайтындықтан құқықтық шараларымызды “Штрафстан” немесе “Айыппұлстан” деп атайды. Мұндай адамдар өз көзқарастарының тарлығын көрсете берсін. Ал біздің халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік қажет. Сондықтан біз бұл бағыттан айнымаймыз және “Заң мен тәртіп” қағидатын табанды түрде жүзеге асыра береміз. Бұл – азаматтарымыздың талабы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қоғам мен өңір әкімдері қоғамдық тәртіп пен заңның сақталуына ерекше назар аударуы қажет екенін айтты.
Еске салайық, 2024 жылдың желтоқсанында Мәжіліс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін өзгерістерді екінші оқылымда қараған кезде депутат Азат Перуашев жекелеген нормаларды сынға алып, Қазақстанды «Штрафстан» деп атаған еді. Кейінірек, 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шаралары елге жағымсыз атау тағуға негіз болмауы тиіс екенін мәлімдеген еді. Осыдан кейін Азат Перуашев өзінің «Штрафстан» сөзін қолдануы сәтсіз таңдау болғанын мойындады. Оның айтуынша, Қазақстанның халықаралық беделіне нұқсан келтірмеу маңызды.
Ондасын Уразалин: "Мы продолжаем реализацию политики Президента, направленной на динамичное развитие региона и повышение качества жизни населения"
