Ресей әскери қызметтегі шетелдіктерді депортациялауға тыйым салды

284
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/sWYQs83pqCrzB3CdkzWqOSAvARZYLH0r3N7Ov2jN.jpg

Ресейдің мемлекеттік думасы елдің Қарулы күштері мен басқа да әскери құрылымдарында келісімшарт негізінде қызмет атқарып жатқан шетел азаматтарын депортациялауға тыйым салатын заң жобасы бірауыздан қабылданды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Құжат мұндай азаматтарға қатысты депортация, реадмиссия (қайта қабылдау), уақытша болу мерзімін қысқарту, уақытша тұруға рұқсатты, тұруға ықтиярхатты, патентті немесе жұмыс істеуге рұқсатты беруден бас тарту, сондай-ақ оларды жою немесе күшін жою туралы шешім қабылдауға тыйым салуды көздейді. Бұдан бөлек, бұған дейін қабылданған осындай шешімдердің күші жойылып, олар орындалуға жатпайды.

«Бұл адамдар ісімен Ресейге деген адалдығын көрсетті. Сондықтан мемлекет олардың тұрақты әрі әділ жағдайда қызмет етуіне жағдай жасап, Ресей Федерациясының қорғаныс қабілетін нығайтуға үлес қосуына мүмкіндік беруді жалғастырады»,– деп атап өтті Мемлекеттік думаның Тамбов облысынан сайланған депутаты Тамара Фролова.

Дума сондай-ақ Ресейден кеткен азаматтардың мүлкін қамауға алуға рұқсат берді. 26 мамырда Ресей парламенті елден кеткен азаматтардың әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша айыппұлдарын өтеуді қамтамасыз ету мақсатында олардың мүлкін сот арқылы тәркілеуге (қамауға алуға) мүмкіндік беретін заң жобасын бірауыздан қолдады. Бұл санатқа, атап айтқанда, «шетел агенті» қызметін орындау тәртібін бұзу, экстремистік материалдарды дайындау және тарату, жалған ақпарат тарату және БАҚ еркіндігін теріс пайдалану, сондай-ақ «жағымсыз ұйымдардың» қызметіне қатысу жатады.

13 мамырда Мемлекеттік дума Путинге Ресей азаматтарын шетелде қамауға алу, ұстау немесе қылмыстық қудалау жағдайында оларды қорғау мақсатында басқа елдерге әскер енгізуге рұқсат беретін заңды мақұлдаған. Атап айтқанда, бұл Ресей қатыспайтын соттар немесе Мәскеу мойындамайтын халықаралық инстанциялар тарапынан болған жағдайларға қатысты. Бұған дейін президент тек Ресейдің мүдделеріне немесе қоғамдық құқық тәртібінің негіздеріне қайшы шешімдерге жауап ретінде ғана әскер жібере алатын.

Комментарии