Қазақстан мен Ресей арасындағы саудаға жаңа талаптар енгізіледі

188
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ACkiDCLRRhinuM7aEQiLv8LiPS7INmKOdzZFlmTX.jpg

26 мамыр күні Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында Ресей Федерациясында тауар жеткізуді алдын ала растау жүйесін (ТЖАР) енгізу мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Талқылауды ұйымдастыру бастамасын қазақстандық тарап көтерді. Іс-шараға Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының өкілдері, бизнес қауымдастықтар мен салалық бірлестіктер қатысты. Жалпы жиынға экономиканың түрлі салаларының  100-ден астам өкілі қатысты.

Кеңес барысында Ресей Федерациясының Федералдық салық қызметі мен Федералдық кеден қызметінің өкілдері жаңа жүйені енгізу және қолдану тәртібі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Ресей аумағына тауар жеткізуге қатысты практикалық мәселелер бойынша қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

ТЖАР — ЕАЭО елдерінен Ресей Федерациясына тауар тасымалдау кезінде қолданылатын тауар жеткізілімін алдын ала растаудың ұлттық жүйесі. Жүйе аясында жеткізілімді алдын ала тіркеу, тауардың алдағы жеткізілімі туралы құжатты (ДОПП) рәсімдеу, жанама салықтар бойынша кепілдік төлем енгізу, сондай-ақ жүйеде қажетті мәліметтердің тіркелгенін растайтын QR-код алу көзделген.

ТЖАР жүйесі Ресей Федерациясының 2026 жылғы 17 сәуірдегі №101-ФЗ «Тауар жеткізілімін алдын ала растаудың ұлттық жүйесі туралы» федералдық заңы және Ресейдің салық заңнамасына енгізілген тиісті өзгерістер негізінде енгізілді. 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап жүйе пилоттық режимде жұмыс істеп келеді, ал 2026 жылдың  1 маусымнан бастап оны міндетті түрде қолдану жоспарланған.

Ресей тарапының мәліметінше, аталған жүйені енгізудің негізгі мақсаты — тауар айналымының ашықтығын арттыру, жанама салықтардың толық әрі уақытылы төленуін қамтамасыз ету және тауар қозғалысын барлық кезеңде тиімді қадағалау. Сонымен қатар бақылау рәсімдерінің негізгі бөлігі шекарадан өтпей тұрып жүзеге асырылатын болады.

Талқылау барысында бизнес өкілдері жүйеде тіркелу тәртібі, құжаттарды рәсімдеу мерзімдері, кепілдік төлемдерді қолдану ерекшеліктері, сондай-ақ жаңа талаптардың логистика мен жеткізу мерзімдеріне ықпалы жөнінде бірқатар сұрақ көтерді. Қатысушыларға барлық мәселелер бойынша тиісті түсініктемелер берілді.

Сонымен қатар Ресей Федерациясының Федералдық кеден қызметі жаңа талаптарды кезең-кезеңімен және барынша жеңілдетілген тәртіпте енгізу көзделіп отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, жүйені енгізу процесін сүйемелдеу үшін Қазақстан–Ресей бағыты бойынша 30 өткізу бекетінде, сондай-ақ Беларусь–Ресей шекарасындағы 11 учаскеде мобильді топтар құрылып, олар сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға консультациялық және практикалық қолдау көрсететін болады.

Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара сауда көлемінің ауқымдылығын ескерсек, ТЖАР жүйесінің жұмысы нарық қатысушыларының кең ауқымы үшін маңызды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ресейге экспорты шамамен 8,1 млрд АҚШ долларын құрады. Жеткізілімдердің басым бөлігі автомобиль көлігі арқылы жүзеге асырылады, сондықтан жаңа жүйенің талаптары осы тасымал түріне тікелей әсер етеді.

Кеңес қорытындысында қатысушылар ЕАЭО аясындағы өзара сауданың жаңа талаптарына сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың дер кезінде бейімделуін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық арасындағы ашық әрі тұрақты диалогты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Комментарии