Алматының туризм әлеуетін арттыратын жоба

151
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Qm7bTydvztIi2PBAUWY2frEJWygohOMYiZuL2QQG.jpg

Мегаполисте «Almaty Superski» жобасына арналған қоғамдық тыңдау өтті. Іс-шара барысында туризм саласын дамыту, Алматы тау кластерінің әлеуеті және халықаралық деңгейдегі тау туризмі орталығын қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов өз сөзінде Қазақстандағы туризм саласының кейінгі жылдары тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы ел ішінде қонақүйлерге орналасқан туристер саны 8,6 миллион адамға жеткен. Сонымен қатар, еліміздегі орналастыру нысандарының саны артып, туристік инфрақұрылым кеңейіп келеді.

Спикер Алматының Қазақстандағы негізгі туристік және халықаралық әуе хабы ретіндегі маңызына ерекше тоқталды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қаладағы қонақүйлер мен орналастыру орындары шамамен 2,5 миллион туристке қызмет көрсеткен. Оның ішінде 1,7 миллион адам – ішкі туристер болса, 754 мыңнан астамы – шетелдік қонақтар.

Бүгінде Алматы халықаралық нарықтағы позициясын нығайтып келеді. Қала Орталық Азиядағы әуе қатынасы ең дамыған мегаполис саналады әрі Bloomberg пен CNN нұсқасы бойынша әлемдегі үздік 25 туристік бағыттың қатарына енген.

Кейінгі жылдары Алматыға келетін туристердің демалыс ұзақтығы да артқан. Шетелдік қонақтардың шығыны 40 пайызға көбейіп, табиғи, тау және мәдени туризмге қызығушылық жоғарылаған. Туристердің басым бөлігі қалаға демалыс пен белсенді саяхат мақсатында келеді.

Жиында Алматы тау кластерінің Қазақстан туризміндегі стратегиялық маңызы ерекше айтылды. Бүгінде кластерге жыл сайын шамамен 3 миллион турист келеді. Оның ішінде 2,2 миллионы – отандық, ал 764 мыңы – шетелдік туристер. Кластер аясында көрсетілетін қызмет көлемі 199 миллиард теңгеге жеткен.

Тау кластерінің негізгі нысандарының бірі – Shymbulak Mountain Resort. Былтыр курортқа келушілер саны 1,4 миллионға жеткен. Мамандардың айтуынша, халықаралық туристердің Алматыға деген қызығушылығының 80 пайызы табиғатпен, таумен және белсенді демалыспен байланысты.

Сондай-ақ сарапшылар Қытай мен Ресей нарығын тау шаңғысы туризмін дамытудағы негізгі бағыттардың бірі ретінде атап өтті. Қытайда 12,8 миллионнан астам шаңғышы бар болса, Ресейде бұл көрсеткіш 3,6 миллион адамға жетеді. Осы нарықтың аз ғана бөлігін тартудың өзі Қазақстанға келетін туристер санын айтарлықтай арттыра алады.

Жоба аясында халықаралық спорттық жарыстар, мәдени фестивальдер, концерттер мен іскерлік форумдар өткізу мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Бұл Алматыны Орталық Азиядағы тау және іскерлік туризм орталығына айналдыруға жол ашпақ.

Қоғамдық тыңдауда Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі бәсекелестікке де назар аударылды. Қырғызстандағы «Үш шың», Өзбекстандағы Amirsoy, Әзербайжандағы Shahdag және Грузиядағы Gudauri секілді ірі тау курорттары бүгінде қарқынды дамып келеді. Осыған байланысты Алматы тау кластерін дамыту Қазақстанның аймақтағы туристік көшбасшылығын сақтауда маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.

Спикердің айтуынша, әлемдік тәжірибеде тау шаңғысы инфрақұрылымына салынған әрбір доллар қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді әрі мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашады. Туристердің шығыны да басқа демалыс түрлерімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Айта кетейік, былтыр желтоқсанда Үкімет Алматы тау кластерін 2025–2029 жылдары дамытуға арналған кешенді жоспарды бекітті. Құжат 73 іс-шараны қамтиды. Жоспар аясында көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, инвестиция тарту, қауіпсіздік, цифрландыру және туристік аймақтарды абаттандыру көзделген.

2029 жылға қарай шетелдік туристер санын 1,7 миллион адамға жеткізу, туризм саласындағы жұмыспен қамтуды 102 мың адамға дейін арттыру және 240 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, тау кластерінің өткізу қабілеті тәулігіне 24 мың адамға дейін ұлғайып, тау шаңғысы трассалары мен аспалы жолдар саны көбеймек.

Комментарии