Димаштың туған күніне орай жанкүйерлер қайырымдылық акцияларын өткізді

326
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YxXl7MLccur0oy6yOwUwqWxW1kxBhrOhf0CPXGZ2.webp

Бүгін, 24 мамыр – Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің туған күні, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Өнер иесінің туған күніне орай оның Қытайдағы жанкүйерлері бірқатар қайырымдылық акциясын өткізген. Атап айтсақ, қытайлық Dears жанкүйерлер тобы әншінің гуманитарлық қызметін қолдау мақсатында Халықаралық көші-қон ұйымы қорына 2000 АҚШ долларынан астам көлемде қайырымдылық қаржы аударған. Сонымен қатар Димаштың 32 жасқа толуына орай RHR Shanghai Adoption Home қаңғыбас мысықтар мен иттерге арналған 26 760 юань (шамамен 3950 АҚШ доллары) көлемінде көмек көрсеткен.

Бұған дейін “Phoenix Twitter Dears” халықаралық фан-клубы Алматыдағы онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға арналған хосписке қолдау көрсеткен еді.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген 1994 жылы Ақтөбе қаласында Мәдениет қайраткерлері Қанат Құдайбергенұлы мен Светлана Айтбаеваның отбасында дүниеге келген. Ең алғаш рет спектакльде ойнауымен таныла бастаған. Бес жасында музыкалық колледж сахнасында алғаш әнші ретінде ән салған. Алты жасында “Айналайын” Республикалық байқауының “Фортепиано” номинациясында жеңімпаз атанған.

2010 жылы «Байқонырдың әсем дауыстары» халықаралық фестивалінің І жүлде лауреаты атанған. 2012 жылы республикалық «Жас Қанат» жас ән орындаушылар байқауының Гран-при жүлдесіне ие болған. 2012 жылы «Восточный базар» халықаралық байқауында І орын алған. Бір жылдан соң «Мейкин Азия» І халықаралық фестивалінің жеңімпазы атанған. 2014 жылы Ақтөбе қаласында А.Жұбанов атындағы Музыкалық колледжінде “академиялық ән орындау” факультетін бітіріп, Қазақ Ұлттық өнер университетінің “эстрада өнері” факультетіне түскен. Нағыз танымалдық Витебск қаласында XXIV Халықаралық эстрадалық ән орындаушылар «Славян базары-2015» байқауында Гран-при жеңіп алған соң келген. Екі күн ішінде жас әнші 175 ұпай жинаған. 2017 жылы Димаш Құдайберген Қытайдағы "Singer 2017" жобасында екінші орын алған.

Комментарии