Қытайдан Қазақстанға көшіп келушілер саны үш есе артқан

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9AgNC5QQbQkmbKmlXG7k5Egfz3YwarWeDeeFUEhR.jpg

2026 жылдың бірінші тоқсанында 1 260 Қытай азаматы Қазақстанға көшіп келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен үш есе өскен, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Data Hub-қа сілтеме жасап.

Сарапшылардың мәліметінше, Қытайдан келетін көші-қон деңгейі қаңтар–наурыз аралығында соңғы 9 жылда алғаш рет осындай жоғары деңгейге жеткен. Алайда әр жылдардағы алғашқы тоқсандарда көші-қон динамикасы айтарлықтай құбылып отырған. Кей жылдары күрт өссе, кей жылдары төмендеген. Мысалы, 2024 жылы Қытайдан келгендер саны қаңтар–наурызда 98 адамнан 750 адамға дейін, яғни шамамен сегіз есе артқан.

«Соңғы екі жылдағы жоғары көрсеткіштер көші-қон белсенділігінің жандана бастағанын көрсетуі мүмкін. Ал 2026 жылдың басындағы күшті нәтиже бұл үрдістің жалғасып жатқанын білдіреді», — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Қытай Қазақстанға тұрақты тұруға көшкен азаматтар саны бойынша үшінші орында тұр. Екінші орынға Ресей табан тіреді.  Биыл 1 265 адам көшіп келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 29%-ға көп.

Бірінші орынды Өзбекстан сақтап отыр. Биыл Қазақстанға 2 275 адам қоныс аударған, алайда бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13% төмен.

Сарапшылардың айтуынша, Қытайдан Қазақстанға көшіп келгендердің 99,5%-ы  – этникалық қазақтар. Олар көбіне Астана, Алматы, Жетісу және Алматы облыстарын қоныстану аймағы ретінде таңдайды. Сондай-ақ мамандар көші-қон статистикасына тұрақты тұрғылықты жерін өзгертіп тіркелген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар енгізілетінін нақтылаған.

Комментарии