Цифрландырудың жаңа кезеңі: Қазақстан мектептеріндегі білім беруде жасанды интеллект басым бағытқа айналуда

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bDl5PrwmFfKlhw8Sp5dpDvKG7nc0zyif1DVdme5G.jpg

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Жарлықтың негізгі мақсаты – жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету және адами капиталдың негізгі элементі ретінде заманауи, инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыру.

Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдеге дейін Үкімет 2026–2029 жылдарға арналған орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті кеңінен енгізу жөніндегі Кешенді іс-шаралар жоспарын бекітеді. Жоспар аясында жеке оқыту жүйесін дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру, педагог кадрларды даярлау және оқушылардың дербес деректерін қорғау тетіктерін енгізу көзделген.

Сонымен қатар Жарлықта жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Ли Кай-Фу ұсынған ұсыныстарды тәжірибеде қолдану қарастырылған. Үкіметке 2026 жылғы 1 маусымға дейін орта білім беру саласында пилоттық жобаны іске асыру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Бұл жобаны кейіннен бүкіл ел бойынша кеңейту жоспарланған.

Жаңа бастамалар қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталады. 

2026 жылғы 1 тамызға дейін пилоттық жоба аясында мектептер қажетті техникалық жабдықтармен, соның ішінде тұрақты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі.

Ал 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектті қолдану стандарттары бекітіледі.

Сондай-ақ осы мерзімге дейін педагогтардың үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ететін іс-шаралар жоспары қабылданады. Құжатта жасанды интеллект білім беру үдерісінде мұғалімдердің кәсіби қызметін алмастырмай, тек қосымша тиімді құрал ретінде қолданылуы тиіс екені атап өтілген.

Комментарии