Польшада ұсталған азамат елге қайтарылды – Берлиннен хабар жоқ

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bmNSmAJNEATZVoWyllIU9uttyarnXUeQhBEfQ30N.jpg

Польша мен Беларусь шекарасындағы тұтқын алмасу аясында бұған дейін ұсталған Қазақстан азаматы босатылып, елге қайтарылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Польша аумағында ұсталған Қазақстан азаматы 28 сәуір күні бостандыққа шыққан. Оның босатылуына мемлекет деңгейіндегі дипломатиялық келіссөздер ықпал еткені айтылды.

Мәлімдемеде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдегі азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғау бағытында дәйекті жұмыс жүргізіп келе жатқаны атап өтілген.

"Польша Республикасының аумағында бұған дейін тұтқындалған Қазақстан азаматы биыл 28 сәуірде бостандыққа шыққаны белгілі. Мұндай нәтижеге Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматтарын, соның ішінде шетелдегі отандастарымыздың құқығы мен мүддесін дәйекті түрде қорғауының арқасында қол жеткізілді. Мемлекет басшысы таяуда Беларусь президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесіп, күрделі жағдай кезінде екі ел конструктивті тұрғыдан ынтымақтаса әрекет еткені үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті оңтайлы нәтижеге қол жеткізуге ықпал еткен Ресей президенті Владимир Путинге де алғыс айту орынды деп санайды. Мемлекет басшысы Польша президенті Кароль Навроцкий мен премьер-министр Дональд Тускке Польша тарапы болған жағдайға байланысты байыпты шешім қабылдағаны үшін ризашылығын білдіріп, хат жолдамақ", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Польшада шетелдік барлау қызметімен байланысы бар деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталғаны хабарланған еді. Польша қауіпсіздік органдары оның НАТО және одақтас құрылымдарға қатысты ақпарат жинауы мүмкін екенін мәлімдеген.

Ал сәуір айының соңында Берлинде Ресей пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен Қазақстан азаматы болуы мүмкін тағы бір адамның ұсталғаны хабарланғанОған Қазақстан сыртқы істер министрлігі сұрау салған, бірақ Германияның оған қандай жауап бергені әзірге белгісіз.

 

Комментарии