Қазақ синологы қытайтанудың мәніне тоқталды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ol4TQmEtVX0tBsH873pkUrPjXCH1yJ9tJH41I4vJ.jpg

Қазақстандық қытайтанушы, Фатима Дәулет Қытайды зерттеудегі 30 жылдан астам тәжірибесімен бөлісіп, ел туралы көзқарастың қалай өзгергенін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы «China News» басылымына сілтеп.

Ғалымның айтуынша, оның Қытайға деген қызығушылығы алғаш рет Лу Синь мен Лао Шэ шығармаларын оқудан басталған. Әдеби кейіпкерлер арқылы қоғамдағы әділетсіздік пен әлеуметтік теңсіздікті түсінген ол, кейін бұл қызығушылықты ғылыми зерттеуге ұластырған.

Фатима Дәулет Қытайға алғаш рет 1993 жылы барғанын атап өтті. Оның сөзінше, әдеби шығармалардағы Қытай мен нақты өмірдегі елдің арасында айырмашылық бар екенін сол кезде аңғарған. Әсіресе Шыңжаң өңіріндегі көпұлтты орта мен мәдени әртүрлілік ерекше әсер қалдырған. Ал 1999 жылы алғаш барған Бейжің қаласы ғалым үшін «әдеби қалаға» айналған.

Сарапшы соңғы 30 жылда Қытайда экономикалық даму ғана емес, қоғамның құндылықтары мен ойлау жүйесінде де үлкен өзгерістер болғанын атап өтті. Оның пікірінше, елдің дамуын түсіну үшін тек статистика емес, адамдардың дүниетанымы мен тілдік ерекшеліктерін зерттеу маңызды.

Сонымен қатар, ол Қазақстан қоғамының Қытайға деген көзқарасы да өзгергенін айтты. Бұрынғы стереотиптердің азайып, қызығушылық пен рационалды түсініктің артқанын жеткізді. Әсіресе «Бір белдеу – бір жол» бастамасынан кейін екі ел арасындағы байланыс күшейген.

Сұхбат соңында ол Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстардың болашағына тоқталып, өзара құрмет пен ашық диалог сақталған жағдайда екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дами түсетініне сенім білдірді.

Комментарии