Жетісу облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында санитарлық тазалық және көгалдандыру шаралары өткізілді. Бұл іс-шараларға 7300-ге жуық адам қатысып, соның нәтижесінде 450 гектар аумақ тазартылып, 2,2 мың ағаш көшеті отырғызылды. Бұл ретте «7 OZEN» экологиялық акциясы Көксу, Ескелді, Кербұлақ аудандарын қамтып, Көксу өзенінің арнасы тазаланды.
Экологиялық акцияға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевтың айтуынша, «7 OZEN» акциясы аясында әр сенбі сайын өңірдегі бір өзеннің арнасы тазаланады.
- Өткен сенбіде екі аудан мен екі қаланың аумағынан ағып жатқан Қаратал өзенінің жағалауы тазаланды. Ал бүгін Көксу өзенінің арнасын тазалау жұмыстарын Көксу ауданынан бастап, одан әрі Ескелді, Кербұлақ аудандарында жалғастырдық, 700-ден астам ағаш ектік. Осы тазалық шараларына қатысқандардың бәріне алғыс айтамын. Біз ең алдымен өзіміз маңайымызды таза ұстауымыз керек. Сонда Жетісудың ерекше табиғаты мен оның сұлулығын сақтап қала аламыз, - деді М. Көлбаев.
Экологиялық акцияға қатысушылар да өз пікірін білдірді.
- Табиғатымызды таза ұстау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл ретте бүгін Көксу өзенінің бойын тазалау мен ағаш отырғызу жұмыстарына ризашылықпен қатыстым. Осындай игі шаралар жиі өткізіліп тұрса, бұл келешек ұрпаққа үлгі болып, табиғатқа қамқорлық жасау мәдениеті қалыптасады деп сенемін, - деді көксулық тұрғын Ерлан Шалқыбеков.
Осы күні санитарлық тазалық шараларына белсене қатысқан Ескелді ауданының тұрғыны Әсет Өзенбаев та ой қосты:
- Волонтерлік жұмыстың маңызды бағытының бірі – тазалау мен көгалдандыруға атсалысу. Сондықтан осындай шараларға тұрақты қатысамын. Мұның бәрі жалпы алғанда экологиялық жағдайға оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар біз халық арасында өз үлгімізбен экологиялық өмір салтын дамытуға өз үлесімізді қосып келеміз, - деді ол.
Жалпы осы күні «7 OZEN» экологиялық акциясы аясында өңірдегі 1100-ден астам адам, 26 техника тартылды, 85 тонна қоқыс шығарылып, 720 түп ағаш отырғызылды.
95-летие Мукагали Макатаева: в Жетісу организовали певческий конкурс на стихи поэта и представили биографический моноспектакль
