Діншілдер әдебиет пен өнерге қол сұқты

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/GZhBmIj2H1H8SqND6XQ3pWHHODcrLGQoBEXoDi03.jpg

Соңғы кездері уағызшылар “Абай сүйдеген”, “Мағжан бүй деген”, Міржақып “дін нашарлап кетті деді” деп соға береді. Өтірік айтқанда беттері бүлк етсе ше?! Елдің бәрін надан, топас деп ойлай ма, неғылған бетімен кеткен  самооценкасы  жоғары, аузына тыным жоқ адамдар деймін бұларды. Ол рас па, өтірік пе, кітап оқымақ түгілі, интернетті ашып тексермейтін тобыр аузы ашылып сеніп, оны таратады. 

Бұл өте қауіпті тенденция. Тарихты да, әдебиетті де “дінге бейімдеп” қайта жазып  жатыр. Бүгін өмірде жоқ адамның авторлық сөзіне қол сұғып, озбырлықпен өзгертсе, ертең осы сөзді “Мағжан солай деген” деп қойып тұтас сананы араби санаға өзгертеді.

Соңғы кездері Алаш арыстарының аузына “Аллаһ” деген сөзді салып жүр. Олардың өлеңдерін түпнұсқадан  өзгерткен. Сонау тәуелсіздік алған жылдары шыққан “Бес ғасыр жырлайды” деген жинақта алаш арыстарының түпнұсқамен жарық көрген өлеңдерін тегіс өзгертіп жіберген. Мысалы бір театрдың әртісі Мағжан Жұмабаевтың “Қазақ тілі” деген өлеңін оқып отыр. Сондағы “тараған түрік бауырларыңды бауырына, ақ қолыңмен тарта аласың сен тілім”  дегенді, “тараған мұсылман бауырларыңды қойныңа” деп өзгертіп алып  соғып отыр.  Онан соң бұл дерт ән өнеріне де ауысқан. Бір жолы Қарқаралыға барған видеома Мәди ақынның әнің іздеп отырып, бір  әншінің орындауындағындағы әнге тап болдым. “Сиындым атам Қазыбек аруағына” дегенді алып тастап, “Сыйындым Жаратушы бір Аллаһқа” деп зарлатып отыр. Даусыңның керметтігіне қол қойдым, тауықтың миындай ми бермеген, жүрек бермеген нағыз тексіздің  өзі екенсің. Түп-түгел бұрмалайды екенсің, аруақтардан қалған домбыраны қай бетіңмен қолыңа алдың? 

Содан Мәдидің әнің іздеп отырып, еш жерін бұзбай, ерінбей, жаны ашып,  тұтас қалпында айтып шыққан марқұм Биғазы Тұтқабеков ағамыз ғана болыпты. Осыдан-ақ жігіттің жігіті кім, мәдениеті , қазақилығы көрініп тұрады. 

Құрметті дәстүрлі, дәстүрлі емес әншілер және әртістер, уағызшылар! Кім сендерге ақындардың шығармаларын өзгертуге, діни уннификациямен айналысуға рұқсат берді, айтыңдаршы? Абай атам айтпап па еді “Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бейшарасы” деп. Аруақты Аллаһ деп өзгерткен әншілер, өлген адамды, аруақты қайдан сыйласын! 

Аллаһ деп өлең шығарып жүрген қазіргі ақындар жетерлік. Тәңір деп қазақша жырлаған жас ақындардың бәрі қазір желдің ығымен арабша Аллаһқа мойын бұрған. Солардың өлеңдерін алсаңдар болады ғой, ал алаштықтардың аруағы бір күні атады сендерді! 

Жалпы қазіргі филолог-тілші, әнші, әртістерге кім  ревизионизммен, діни уннификациямен  айналысуға құқық берді? 

Алаш арыстарының аузына “Аллаһ” салды да, өлеңдерді өлтірді. “Түрік бауырларың” → “мұсылман бауырларың”… Бұл – мәдениетке жасалған қастандық! 

Алаш зиялылары исламды мүлде жоққа шығарған жоқ. Бірақ олар ұлт, тіл,ағарту, модернизация сияқты идеяларды бірінші орынға қойған.

Мысалы, Абай Құнанбайұлы дінді ақылмен түсінуді жақтады, ал Мағжан Жұмабаев исламды  қатты сынап, шығармаларында түркілік, ұлттық бірлік басым болды.

Сондықтан оларды  “қазіргі діни уағызшылар айтқан форматқа” салып жіберу ғылыми тұрғыдан дұрыс емес.

Мемлекетіміз әсіредіншілермен күресуді бастады. Кешегі “Наурыз қазақтың мейрамы емес” деген жігітті қамап тастапты. 

Енді мен түсінбейтінім бұларға кім рұқсат берді  Абай, Мағжан, Міржақыптың шығармасын бұзуға, діни формаға түсіруге? Бұл енді жөнсіздік емес – қылмыс.  Авторлық сөзді өзгертпей, түпнұсқаны сақтап, сыйластықпен жеткізіңіздер. Мәдени салада жүріп, мәдениетсіздікпен айналысуға бола ма? 

Сонда бұларды тәртіпке шақыратын мүйізі қарағайдай тіл мамандары, филологтар, профессор, академиктер  неге үнсіз? Әлде оларда Алаш мұрасына деген адалдық жоқ па? Оларды діншіл болып кетті ме?

Олардың өлеңдері арқылы рухани мән, дәстүр мен сыйластық, тарихи контекст бұзылып отыр. Шығармадағы әр сөз – автордың ойы мен сезімін білдіреді, оны өзгерту – шығарманың өмірін өлтірумен тең.

Абай, Мағжан, Міржақып – діни уағызға емес, ұлт, тіл, білім, модернизация идеясына адал болды. Олардың шығармаларын “дінге бейімдеу” – әдебиет пен тарихты бұзу.

Құрметті әртістер, әншілер, филологтар! Ұлттық мұраны қорғау – әрқайсымыздың парызымыз. Бүкіл мектептегі оқулықтарды да тексеру керек. Бір жолы бастауышта Әли туралы арабтың өтірік ертегісі басылғаны әшкере болған еді. 

“Мағжан діншіл болды” депті бір уағызшы. Мағжан діншіл болмақ түгілі, мешітті “мал базарына” тенеген. Төменде Мағжанның “Мешіт һәм абақты” өлеңі. 

МЕШІТ ҺӘМ ТҮРМЕ ТУРАЛЫ

Б а л a :
Әкетай, мынау не үй ұзын мойын,
Тым ірі, ұлық ұстап тұрған бойын?
Басына шыққан адам білер еді-ау
Сырын айтпас қаракөк көктің ойын.
Тып-тыныш бұл үйге, әке, кім барады?
Тыныштықта қасиетті кім қалады?
Биікте көк күңіреніп сыр айтқанда,
Бақытты кім көзінен жас тамады?

Ә к е:
Бұл үйді мешіт дейді, құлыншағым,
Ерігіп, қуған болып ата заңын,
Анда-санда домалап бармағы үшін,
Салдырған өзіне арнап «жуан қарын».
Бес минут «жатып-тұрып», жуып алмақ
Былғанған бұзықтықпен ұят-арын.
Шығатын жоғарыға молдасы да
Азанмен құттықтайды қарын таңын.
Бұл мешіт - Көк үйі емес, қарын үйі,
Көргің келсе, барып көр мал базарын.

Б а л a :
Әкетай, анау не үй түсі суық?
Жанына жібермейді жанды жуық.
Терезесі темірлі, көр - есігі,
Қабырғасын қойған ба қанмен жуып?
Тас қима, темір қақпа, шойын құлып.
Тым-тырыс. Жалғыз-ақ жел тұр ғой ұлып.
Сасықта, қараңғыда аш, ауру
Кім жатыр екен, әке, тірі өліп?

Ә к е:
Жиһанда бір жас жан бар, Қиял аты,
Мәңгі ойнайтын, сөнбейтін сәуле заты.
Жанға жан беретұғын тәтті жырлы,
Меруерттен тізілген қос қанаты.
Ұшып жүріп жырымен жанды ояту -
Жас Қиялдың ежелден бар мұраты.
Тірі жанға жырламақ тәтті жырын,
Адамзаттың жоқ оған жақын-жаты.
Жиһанда бар нәрсені жаратқан сол,
Тәңірі бар бір ғана - Қиял аты...
Анау үйді адамзат абақты дер,
Адам - доңыз, еменнің тамырын жер.
Тәңірісі, жан жыры Қиялға арнап,
Сонау үйді салған ол болсын деп көр.
Көремісің күзетшіні жүрген жарап,
Қабақ түйіп, терезеге қойған қарап?
Есалаң малданып жүр: «Қиялды ұстап,
Тарихтың таңында,- деп,- қойдым қамап!»
Есалаң! Қиял қайда?.. Қиял кезбек,
Жиһанда ақ қанатпен ылғи жүзбек.
Жердегі жары - «жанды» жұбатуға,
Тоқтаусыз Көк үнінен әндер тізбек.
Балам, енді білдің ғой, ол - абақты,
Ашуменен түйіп тұр ол қабақты.
«Қиялды ұстап, жаптым!»- деп бос малданған
Ақымақ деп болмай ма адамзатты?!

Ақнұр ХАМИТБЕКҚЫЗЫ

Комментарии