Абай университеті Ұлыс күнін тойлады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/yUXxx33YooWTssJx9WwWD7nN1HkZAl4axocAh5pP.jpg

Бүгін Абай университеті Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін ұлттық рухты жаңғыртқан, мазмұны бай әрі тағылымы терең дайындықпен, өте жоғары деңгейде атап өтті. Мұхтар Әуезов атындағы университет стадионында киіз үйлер тігіліп, ән-күй мен жырға көмкеріліп, түрлі ұлттық спорт сайыстары, дефиле мен жәрмеңке, көрме мен ойындар болып, ұлық мейрамға мыңдаған адам қатысты.

Жаңару мен жасампаздық, мейірім мен ынтымақ символы саналатын бұл мереке – күн мен түн теңеліп, табиғат пен тіршіліктің қайта түлейтін айрықша мерейлі шағы. Қазақтың тұңғыш университеті биыл Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өткенін айта кетуміз керек.

Университет ұжымы мен студенттері бұл мейрамды ашық аспан астындағы кең стадиондаэтно-ауыл форматында атап өтті. Сап түзеген ақ шаңқан киіз үйлер, буы бұрқыраған дәм мен ұлттық киім киген қауымның жүзіндегі қуаныш бұл аумақты қазақтың байырғы дәстүрі мен заманауи жастық жалыны тоғысқан үлкен думан ошағына айналдырды. Мерекелік іс-шара студенттердің шығармашылық әлеуетін көрсетуге, ұлттық дәстүр мен өнерді дәріптеуге, білім ордасының рухани байлығын арттыруға мүмкіндік берді.

Әз-Наурыз шымылдығы «Гәкку» би ансамблі мен «Қағанат», «Үркер» студенттік театрларының қатысуымен қойылған «Мерейлі Наурыз – Жаңарубастауы» атты композициямен ашылды. Өнер факультеті студенттерінің кәсіби шеберлігі алаңдағы жұртты бірден баурап алып, көрерменді ұлттық мифология мен тарих қойнауына жетелеп әкетті.

Ұлыс тойын салтанатты түрде ашқан Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп жүрекжарды лебізін білдірді.

– Ғасырға жуық тарихы бар, қазақ білімінің қарашаңырағы – Абай университеті үшін Наурыз мейрамы айрықша мәнге ие. Бұл – тек табиғаттың жаңаруы емес, рухтың жаңғыруы, адам бойындағы ізгі қасиеттердің қайта түлеуі. Біз бұл мерекені ұлттың бірлігі мен татулығын айшықтайтын, болашаққа деген сенімді нығайтатын ерекше кезең ретінде бағалаймыз. Сондықтан да біздің ұжым жыл сайын Наурызды ұлттық дәстүрмен сабақтастыра отырып, кең көлемде атап өтуді игі дәстүрге айналдырды, – деді Болат Анапияұлы.

Содан кейін Университет қызметкерлерінің 4-9 жас аралығындағы бүлдіршіндерінің арасындаөткен «Мерейлі Наурыз» балалар шығармашылығы байқауының жеңімпаздары ән, би және көркемсөз номинациялары бойынша марапатталды. Сахнаға шыққан елдің ертеңгі үміттері көңілге әсерлі қуаныш сыйлады. Сондай-ақ, ректор медиа кеңістіктегі университеттің беделін арттыруға атсалысқан оқытушылар мен студенттерге арналған «Abai Media Awards» медиа байқауының жеңімпаздарын марапаттап, үздіктерге ел алдында арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыстады.

Ұлттық сән мен өнердің үндестігі де назардан тыс қалмады. «Гүлназ Жексенбек» брендінің «Мұра» топтамасы ұсынылған дефиле мен «Әуен – Tribe» дуэтінің өнері қазақы нақыштың заманауи асылдығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал қазақ эстрадасының жұлдыздары – Құдайберген Бекіш, Алмас Кішкенбаев және «МузАрт Life» тобының әуезді әндері ашық алаңды әсем саз бен шаттыққа бөледі.

Мерекенің тағы бір ерекшелігі – ұлттық спорт ойындарынан «Алтын сақа» апталығыныңбасталуы болды. Қазақ күресі, арқан тартыс, қошқар көтеру, қол күрес және асық ату сынды т.б. ұлттық ойындарға қатысушылар күш-жігері мен ептілігін, төзімділігі мен дәлдігін сынға салды.

Алаңда қыран бүркіттер мен жүйрік тазылардың көрсетілімі ұйымдастырылып, қазақ халқының саятшылық өнері кеңінен насихатталды. Сәйгүлік жылқылардың әкелінуі де мерекенің көркін оданәрі арттырып, көшпелі мәдениеттің айрықша белгісін айшықтай түсті. Шара барысында алып батырлар образындағы өнерпаздардың қатысуы да ерекше әсер қалдырды. Ұлттық киімдегі батырлардың көрінісі арқылы ел қорғаған ерлердің рухы дәріптеліп, көрерменге тарихи сабақтастық пен отансүйгіштік құндылықтар тереңінен жеткізілді.

Тағы бір айта кететін дүние, Ұлыс тойында Абай университетіне «БанкЦентрКредит» қаржылай демеушілік көрсетіп, 16 орындық «JAC Sunray» маркалы заманауи шағын автобусын сыйға тартты.

Қорыта келгенде, бұл күн – Абай университетінің бірлігін бекемдеп, қазақы салт-дәстүрді жаңа қырынан жаңғыртқан, кең алаңда еркін тыныстаған ұлттық рухтың мерекесі ретінде есте қалды.

«Abai University» медиа орталығы

Комментарии