LRT вагонын арқанмен сүйреткен адамдар әлеужелі назарын аудартты

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ffgNztidbQYo7AN6hbt2jVVnJJ42Lx561t5dlHU1.webp

Астанада салынып жатқан LRT жүйесіне қатысты видео қоғам назарын аударды. Қала тұрғындарының бірі арнайы киімдегі жұмысшылардың екі вагонды арқанмен сүйреп бара жатқан сәтін видеоға түсіріп алған. Жазба әлеуметтік желілерде тез тарап, түрлі пікір мен әзілге себеп болды, деп хабарлайды “Адырна”.

Кадрларда вагондардың электр қуатынсыз, толықтай қол күшімен қозғалып жатқаны көрінеді. Бұл көрініс көпшілікке заманауи көлік жүйесіне тән емес жағдай ретінде қабылданып, әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Бірі мұны тарихи кезеңдермен салыстырса, енді бірі оны құрылыс барысындағы сынақ немесе техникалық дайындықтың бір бөлігі болуы мүмкін деп болжады.

Қазіргі уақытта бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берілген жоқ. Дегенмен, LRT жобасын іске асыру жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасып жатқаны айтылуда. Жобаны жүзеге асыру барысында инфрақұрылымның түрлі кезеңдері тексеріліп, сынақтар жүргізілетіні белгілі.

Қала билігінің мәліметінше, LRT желісін алдағы көктемде іске қосу жоспарланған. Жол ақысы шамамен 100–200 теңге аралығында болады.

Әлеуметтік желіде тараған бейне көпшіліктің назарын аударғанымен, мамандар мұндай жағдайлардың құрылыс немесе сынақ кезеңдерінде кездесетінін жоққа шығармайды. Жоба толық іске қосылғанда, LRT заманауи электрлік көлік жүйесі ретінде жұмыс істейді деп күтілуде.

Комментарии