Жетісуда жасанды интеллект көмегімен жаңа Конституцияға арналған мурал салынды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/xjVuzsxUMujZwWec8wf3VloGCXaYUU35u9DmXy20.jpg

Фото: Дмитрий Ерофеев

Жетісу облысында жаңа Конституцияға арналған мурал салынды. Оның эскизін дайындауда жасанды интеллект мүмкіндіктері пайдаланылды. «Jetisu jastary» КММ-нің ұсынысымен салынған «Ата заңым - айбыным» муралы жастардың азаматтық мәдениетін қалыптастыруға және заманауи көше өнері арқылы қоғамдағы маңызды құндылықтарды дәріптеуге бағытталған,  деп хабарлайды "Адырна".

Бұл арт-нысан Талдықорған қаласындағы көп қөбатты үйлердің бірінің қабырғасында кескінделген. Муралдың ашылу салтанаты өтіп, оған өңір жастары, қоғам белсенділері, шығармашылық орта өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

- Біздің жаңа муралымыз Ата Заңымызға арналған. Кеше Мемлекет басшысы атап өткеніндей, жаңа Конституция ең алдымен жастарға  бағытталған. Ата Заңымызға волонтерлік қызмет, ғылым, минновация, жасанды интеллект ұғымдары енгізілген. Осыған байланысты біз муралды заманауи мүмкіндіктермен ұштастыруға тырыстық. Көркем туындыда бірлік, әділдік, жауапкершілік және болашаққа деген сенім идеялары бейнеленіп, қоғамдағы өзара құрмет пен ынтымақтастықты дәріптейтін мазмұн көрініс тапты. Өйткені Конституция – барлық осы игіліктің бастауы, - деді «Jetisu jastary» КММ-нің директоры Шамиль Ванкеев.

Мурал авторы Ернұр Бақбергеннің айтуынша, бұл жұмыс қоғамдағы маңызды құндылықтарды заманауи өнер тілі арқылы жеткізуге бағытталған.

- Мұндай шығармашылықпен 6 жылдан бері кәсіби түрде айналысып келемін. Осы уақыт аралығында «Заң мен Тәртіп», «Таза Қазақстан» сияқты идеологиялық және қоғамдық маңызы бар тақырыптарда бірқатар муралдар салдым. Ал осы жобамның ерекшелігі – муралдың эскизі жасанды интеллект көмегімен әзірленді. Бұл тәсіл шығармашылық пен технологияны ұштастыра отырып, заманауи өнердің жаңа бағыттарын көрсетуге, сонымен қатар қысқа мерзім ішінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мысалы, біздің шығармашылық топ муралды 3 күннің ішінде толық салып бітті, - деді жас суретші.  

Еске салсақ, бұған дейін өңір жастарының бастамасымен облыстың аудан орталықтарында «Таза Қазақстан»,  «Адал Азамат», «Заң мен Тәртіп» қағидаларына арналған үш мурал Көксу, Қаратал, Сарқан аудандарының орталықтарында салынған болатын.

 

Комментарии