Бала көретін контент қайда? Жеткіншектің желідегі уақыты желге ұшпасын

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cYBLXDP6WvqOVbWkCKYSYiik1gooRDN5QdslC5tM.jpg

Коллаж авторы: Асылай Сәрсембаева 

Соңғы жылдары қазақ тіліндегі балалар контентіне қатысты алаңдаушылық күшейіп келеді. Жасыратыны жоқ, қазіргі жеткіншектердің басым бөлігі уақытын әлеуметтік желілерде өткізеді. Ал бұл кеңістікте балалардың қандай ақпарат тұтынып отырғанына нақты бақылау жоқ. Өскелең ұрпақтың қандай контент көріп жүргені көбіне өздеріне ғана мәлім.

Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген зерттеу де осы жағдайды растайды. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, балалардың 71 пайызы Instagram, 59 пайызы TikTok, ал 57 пайызы YouTube платформаларын жиі қолданады. Алайда бұл желілердегі балаларға арналған контенттің басым бөлігі жас ерекшелігіне толық сай келмейді. Көп жағдайда мазмұны ойын-сауыққа бағытталып, тәрбиелік және танымдық элементтері аз болып келеді.

Контенттің тілдік сипаты да алаңдатарлық. Зерттелген материалдардың ішінде қазақ тіліндегі бейнелердің үлесі өте төмен, ал орыс және ағылшын тіліндегі контент басым. Мысалы, Instagram желісінде зерттелген 309 аккаунттың шамамен 30 пайызы ғана қазақ тілінде контент ұсынады. Ал TikTok-та бұл көрсеткіш одан да төмен.

YouTube платформасындағы жағдай біршама жақсырақ. Мұнда 135 арнаның 1199 видеосы талданған. Танымдық мазмұндағы бейнелер кездескенімен, жас шектеуін нақты сақтайтын және психологиялық қауіпсіздік талаптарына толық сай келетін видеолардың саны әлі де аз.

Зерттеу авторларының айтуынша, қазақстандық медиа кеңістікте балаларға арналған контенттің сапасы мен мәдени сәйкестігі әлсіз бағыттардың бірі болып отыр. Балаларға арналған кей бейнелерде ересектерге арналған элементтер, сұлулық пен мінсіздікке табыну немесе агрессия белгілері жиі байқалады.

КӨРЕРМЕНГЕ ЖЕТПЕЙ ҚАЛҒАН ФИЛЬМДЕР

Жақында белгілі болғандай, қазақ тілінде түсірілген кейбір фильмдер мемлекеттен қомақты қаржы алғанымен, кең аудиторияға жетпей қалған. Мысалы, 2019–2023 жылдары «Қазақфильм» және басқа да жобаларға шамамен 422 млрд теңге бөлінген. Алайда бірқатар фильмдер кинотеатрларда көрсетілмей, тек авторлардың YouTube арналарында ғана жарияланған.

Бұл мәселеге қатысты министрлік өкілдері де пікір білдірді.

«Режиссерлер жобаларын көбіне фестивальдерге қатысу үшін түсіреді. Өндірушілер мен авторлар прокатқа аса қызығушылық танытпайды, өйткені жобаны жүзеге асыру барысында олар өз гонорарларын алдын ала алып қояды», – деп жауап берген.

Яғни қаржыландыру бар болғанымен, нақты нәтиже мен көрерменге жету мәселесі әлі де өзекті. Көптеген туындылар кең аудиторияға жол таппай, интернет кеңістігінде де кең таралмай қалып отыр.

«МАҒАН БАСТЫСЫ – САПА МЕН ҚАЗАҚ ТІЛІ»


Екі баланың анасы Мөлдір Жолдасбек декреттік демалыста отырғанда ерекше идеясын жүзеге асыра бастаған. Балаларымен бірге теледидар қарап отырып, ол қазақ тіліндегі контенттің аздығына қатты қынжылғанын айтады.

«Біз үйде көбіне BalBala арнасын көреміз. Сол кезде «неге өз балаларыма қазақша мультфильм жасамасқа?» деген ой келді», – дейді ол.

Осылайша Мөлдір интернеттен жасанды интеллект туралы ақпарат іздеп, арнайы курстардан өтіп, алғашқы видеоларын жасай бастаған.

«Барлығы жасанды интеллект арқылы жасалады. Бірақ мәтіндерін өзім жазамын. Идеяларды балаларымнан аламын: оларға не қызық, не қажет – соны ескеремін. Мысалы, түстерді немесе санауды үйрететін видеолар жасаймын. Мен үшін ең маңыздысы – көрермен саны емес, сапа», – дейді ол.

Жас ананың айтуынша, оның басты мақсаты – балаларын ана тілінде тәрбиелеу.

«Қазақ тілінде жұмыс істейтін жүйелер әлі толық дамымаған. Сондықтан көп нәрсені орысша немесе ағылшынша жасауға тура келеді. Бірақ менің мақсатым – балаларға қазақ тілінде сапалы контент ұсыну. Сол арқылы тілге деген сүйіспеншілікті арттыру», – дейді Мөлдір.

Оның видеолары тек тіл үйретіп қана қоймай, тәрбиелік мазмұнға да ие.

«Әр видеомда үлкенге құрмет, жануарларға мейірім сияқты құндылықтарды көрсетуге тырысамын. Қазақша ертегілер де жасаймын. Балаларым менің арнамды жақсы көреді. Ең қуаныштысы – үлкен балам түстерді өлеңдетіп айтып жүр», – дейді ол.

Қазір Мөлдір сұраныс болса, жобасын кеңейтіп, үлкен аудиториямен де жұмыс істеуге дайын екенін айтады.

«Мақсатым – қазақ тіліндегі балалар контентін әлемдік деңгейге шығару. Балаларымыз қазақша сөйлеп, ана тілін сүйіп өссе, мен үшін ең үлкен жетістік сол», – дейді жас ана.

 

БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН КОМИКС КІТАПТАР

Жеке бастамалармен қатар, кәсіби деңгейде де жаңа жобалар пайда бола бастады. Жуырда спорт журналисі Аслан Қаженов пен ақын, жазушы әрі журналист Азамат Әбілқайыр бірлесіп «Қазақ чемпиондары» атты комикс кітабын жарыққа шығарды. Бұл жоба қазақ балаларына отандық спортшылардың ерлігі мен табандылығын таныстыруды мақсат етеді.

Дегенмен қазіргі балалардың қызығушылығы өзгерген. Көп жағдайда олар батырлар туралы жыр-дастандардан гөрі, жеңіл тілмен жазылған әрі динамикалық сюжеті бар шығармаларды көбірек ұнатады.

Мысалы, бүгінгі балалардың арасында «Өрмекші адамды» білмейтін бала сирек.

«Өрмекші адам – үлкен индустрия жасаған кейіпкер. Олар тек кітап жазып қана қойған жоқ, оны киноға да, мультфильмге де айналдырды. Көрермені де, аудиториясы да өте үлкен. Ал біздің «Қазақ чемпиондары» әзірге бастама ғана. Бірақ мұндай жобалардың пайда болуының өзі – маңызды қадам», – дейді Азамат Әбілқайыр.

«ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЖАЗЫЛҒАН ҚЫЗЫҚТЫ КІТАП ТАППАДЫМ»

Бұл тақырыпты зерттеу барысында біз мектеп оқушыларының пікірін де білдік. 3-сынып оқушысы Дінмұхамед Көшер қазақ тіліндегі кітаптарды бірнеше рет оқып көруге тырысқанын айтады. Алайда олар оны аса қызықтырмаған.


«Кей кітаптарды оқуға өзімді мәжбүрлегендей болдым. Бірақ оқиға желісі қызық болмады. Кей сөздері де күрделі болды, жиі анамнан сұрауға тура келді. Мен 5–6 жасымда мультфильмдерді қазақша көретінмін. Ал қазір 9 жасқа арналған қазақша мультфильмдерді табу қиын. Сондықтан көбіне орыс тілінде көремін. Қазақша кітаптарды мектепте апайлар тапсырғанда ғана оқимын», – дейді ол.

Айта кетейік, қазір еліміздің көптеген мектептерінде таңертеңгі жарты сағатты кітап оқуға арнау дәстүрге айналып келеді. Бұл – пайдалы бастама. Дегенмен кей мұғалімдер оқу тізіміне енгізілген кітаптардың балаларға қызықсыз екенін де жасырмайды. Себебі қазіргі балаларға түсінікті, тілі жеңіл әрі мазмұны тартымды шығармалар әлі де жеткіліксіз.

Асылай Сарсембаева 

Комментарии