Алматыда Қазақстанның қаржы секторы алдағы референдумды қолдады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/p9F96Lm4CYC15hVE8jvYcH8mZ4ZKRPnbfeiBpMdE.jpg

Алматыда банк секторы мен микроқаржы ұйымдарының өкілдері қатысқан кездесу болып өтті. Онда Қазақстан Республикасының жаңа конституциясы жобасының негізгі ережелері талқыланды. Іс-шараға қатысушылар алдағы референдумның маңыздылығын атап өтіп, елдің негізгі заңын жаңартуды бірауыздан қолдайтындарын білдірді.

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова қаржы секторы үшін тұрақты әрі болжамды құқықтық орта аса маңызды екенін атап өтті.

Оның айтуынша, қаржы қауымдастығы ұсынылып отырған өзгерістердің маңызын жақсы түсінеді және мемлекет басшысы ұсынған реформалар бағытын, сондай-ақ жаңа конституция жобасын қолдайды.

«Қаржы секторы үшін құқықтық ортаның тұрақты әрі болжамды болуы өте маңызды. Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан қолайлы бизнес-климат, саяси тұрақтылық пен демократиялық реформалар осындай инвестициялық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік берді», — деді Мәдина Әбілқасымова.

Ол сондай-ақ жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесі елдің жоғары инвестициялық рейтингтерінен көрініс тауып отырғанына тоқталды. Қазақстан халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктердің оң бағасын алып келеді. Бұл халықаралық инвесторлар мен халықтың сенімінің жоғары екенін көрсетеді.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова кездесуге қатысушылардың алдағы референдумды талқылауға үлкен қызығушылық танытқанын айтты. Оның сөзінше, жиынға жиналған адамдар белсенді түрде сұрақтар қойып, ұсынылып отырған өзгерістерге шынайы қызығушылық білдірді.
«Бүгін беделді спикерлер сөз сөйлеп, алдағы өзгерістер туралы  айтып берді. Адамдардың елдегі жағдайға алаңдайтыны және әрі қарай қалай әрекет ету керектігін түсінгісі келетіні байқалды», — деді ол.

Елена Бахмутова мұндай кездесулер азаматтардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал ететінін айтты. Оның пікірінше, талқылауға қатысқандардың көпшілігі  референдумға міндетті түрде қатысады.

«Біз мемлекетіміздің құқықтық негіздері елеулі өзгеріске ұшырайтын шақта тұрмыз. Референдумнан кейін конституциялық заңдарға және басқа да нормативтік актілерге өзгеріс енеді», — деді ол.

Өз кезегінде Қазақстан микроқаржы ұйымдары қауымдастығының төрағасы Ербол Омарханов қаржы секторы елдің дамуына бағытталған бастамаларды қолдайтынын айтты.

«Микроқаржы ұйымдары қауымдастығы, жалпы қаржы секторы сияқты, әлеуметтік, әділетті әрі қуатты Қазақстанды дамытуға бағытталған Президент саясатын қолдайды. Біз азаматтарымызды және қаржы саласындағы әріптестерімізді референдумға қатысып, өз азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырамыз», — деді ол.

«Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ басқарушы директоры Эрнст Муслимханов азаматтардың референдумға қатысуы азаматтық ұстанымның маңызды көрінісі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, бәрі дауыс беруге келіп, өз пікірін білдіруі керек.
«Орталық депозитарий референдумға қатысады. Мен өз ой-пікірімді білдіріп, дауыс беруім керек деп есептеймін», — деді ол.
Эрнст Муслимханов сондай-ақ спикерлермен өткен кездесу пайдалы болғанын айтты. Себебі қатысушылар Конституция жобасын әзірлеуге қатысқан мамандардан тікелей түсіндірме алу мүмкіндігіне ие болды.

«Конституция жобасын әзірлеудің себептері туралы алғашқы дереккөзден естіп, бұл өзгерістердің Қазақстанға және еліміздің одан әрі дамуына қандай әсер ететінін түсіну өте пайдалы болды», — деп қосты ол.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар референдум өткізуді бірауыздан қолдап, елдің болашағын айқындайтын шешімдерді қабылдау барысында азаматтардың белсене қатысқаны аса маңызды екенін атап өтті.

Комментарии