Елшілікке шабуыл. Мәскеу Әлиевтің айыптауын жоққа шығаруға тырысты

97
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/RQcsXKyqEdBGfmd62oD8biZQK9bEEs7tGmKiau6q.webp

Фото:Reuters

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің Әзербайжанның Киевтегі елшілігіне әдейі соққы жасалды деген мәлімдемесі шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі РБК басылымына берген түсіндірмесінде айтты, деп хабарлайды “Адырна”.

«Әзербайжанның Киевтегі дипломатиялық миссиясының ғимараттар кешеніне келтірілген зақым, ең ықтимал нұсқа бойынша, Украина Қарулы күштерінің әуе қорғанысы құралдарының дұрыс жұмыс істемеуінің салдарынан болған», – делінген ведомство мәлімдемесінде.

Ресей СІМ дипломатиялық миссия ғимараттарының зақымдануына байланысты шынайы өкініш білдіргенін атап өтті.

Ресей тарапы Әзербайжанға елдің қарулы күштері «заңды әскери нысандарға» соққы жасап жатқанын жеткізген. Әңгіме Украина қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне тиесілі нысандар туралы болып отыр, олардың бірқатары Киев қаласында орналасқан.

Бұған дейін Ильхам Әлиев Мюнхен қауіпсіздік конференциясында Киевтегі Әзербайжан елшілігіне үш рет соққы жасалғанын мәлімдеп Ресейді айыптаған еді.

Ол Әзербайжанның Киевтегі елшілігіне жасалған соққыларды Ресей тарапынан жасалған достыққа жат әрекет деп бағалаған.

Комментарии