АҚШ вице-президенті Кавказда жүр

157
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/EUPtB16KccHlilW0Ju0CWoc5RMh7l96ZWKm8WLPt.jpg

9 ақпанда АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэнс Арменияға ресми сапармен барды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Вэнс Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен бірге бірлескен баспасөз мәслихатында сөз сөйледі. Екі көшбасшы бейбіт атом саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Сондай-ақ Вэнс АҚШ Арменияның ядролық энергетика саласына 9 миллиард доллар инвестиция салатынын мәлімдеді.

Кездесу барысында АҚШ вице-президенті Оңтүстік Кавказдағы қазіргі бейбітшілік үдерісін тарихи оқиға деп атады. Сондай-ақ TRIPP жобасы («Трамп маршруты» – ред.) аймаққа үлкен экономикалық пайда әкелетінін атап өтті.

«Сіздер білетіндей, TRIPP жобасы аймаққа тарихи өзгерістер әкеледі. Мен сондай-ақ TRIPP Enterprise Fund туралы да  мақтанышпен айтқым келеді. Бұл қор арқылы Арменияға ірі жеке капитал тартылатын болады», — деді ол.

Вице-президенттің айтуынша, жоба аймақта сауда, транзит және энергетикалық ағындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Армения мен көрші елдер арасында бұрын-соңды болмаған байланыстарды орнатпақ.

Ал Пашинян Вэнстің Арменияға жасаған сапары тарихи және символдық мәнге ие екенін мәлімдеді.

«Бұл сапар Армения Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы берік әрі стратегиялық әріптестіктің тереңдігін көрсетеді», — деді ол.

Одан бөлек, Пашинян АҚШ үкіметіне, әсіресе президент Дональд Трампқа Бакумен бейбітшілік процесіне қосқан үлесі және 2025 жылғы 8 тамызда Вашингтонда өткен саммитті ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.

«Вашингтон саммитінің арқасында біз Армения мен АҚШ арасындағы екіжақты қатынастарға серпін бердік, ал президент Трамптың қатысуымен Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбітшілік орнатылды. Вашингтондағы бейбітшілік саммитінен кейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен бірге біз президент Трампты Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсындық, және мен оның бұл марапатқа ие болатынына шын жүректен сенемін», — деді Пашинян.

Сарапшылар бұл сапар АҚШ-тың Оңтүстік Кавказ аймағындағы ықпалының күшейіп келе жатқанын көрсетеді деп атап өтуде. Бұған дейін Армения мен Әзербайжан Дональд Трамп бастамашы болған Бейбітшілік кеңесінің жұмысына қатысуға келісім берген еді.

Сондай-ақ пікір білдірушілер АҚШ вице-президентінің Грузияға бармайтынын атап өтті. Бұл ел ұзақ уақыт бойы Оңтүстік Кавказдағы АҚШ-тың басты одақтасы саналып келген. Алайда Грузия Бейбітшілік кеңесіне шақырылмаған, әрі талқыланып отырған транзиттік дәліз де оның аумағы арқылы өтпейді.

Дональд Трамп әкімшілігі билікке келгеннен кейін Грузия үкіметі бұрынғы АҚШ әкімшілігі енгізген санкцияларды жоюға тырысқанымен, әзірге бұл әрекеттер нәтиже бермеді.

Комментарии