Төмен түскен шері кері қайтты

194
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/sXK6uMRnwdEf7Cx1qQAVCVPukFglofa1B9S8QP3b.avif

Үлкен Алматы шатқалында пайда болған ілбісті қорғау үшін ҚР ҒЖБМ Зоология институтының териолог-ғалымдары мен Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері бірнеше күн бойы үздіксіз жұмыс жүргізді, деп хабарлайды "Адырна".

Мамандардың айтуынша, жыртқышты көруге ұмтылған адамдардың көптеп жиналуы жануарға да, адамдардың өзіне де қауіп төндіреді.

«Алматы тұрғындарының жасағаны этикалық әрі моральдық шектен шықты! Ілбісті өз көзімен көргісі келетін адамдар жануарға қаншалықты зиян келтіріп жатқанын, сонымен қатар өз өмірлерін үлкен қауіпке тігіп отырғанын мүлде ойламайды.

Ілбіс — ірі жыртқыш. Ол инстинктивті түрде өз олжасын қорғайды және адамға шабуыл жасауы мүмкін.

Бұл жағдайда шабуыл арандатылған болар еді, мұнда жыртқышты кінәлауға болмайды — кінә адамдардың өзінде», - дейді ҚР Зоология институтының териология зертханасының меңгерушісі, сонымен қатар “Snow Leopard Foundation” қар барысын сақтау қорының атқарушы директоры Алексей Александрович Грачев Zakon.kz сайтына берген сұхбатында.

Қазақстан Республикасында қабылданған жабайы жануарларды тексеру хаттамаларына сәйкес, Зоология институтының териолог-мамандары ветеринарлармен және «Іле-Алатау» ұлттық паркінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, ілбістің жалпы жағдайын тексеріп, қажетті талдауларды алды.

Сондай-ақ, оның қозғалыс жолдарын, мінез-құлқын бақылау және қорғау мақсатында спутниктік қарғыбау (ошейник) орнатылды.

Қазіргі уақытта қар барысы бұл аумақтан аман-есен кетіп, басқа жерге қоныс аударды. Алайда аталған оқиғаға деген қызығушылық әлі де басылған жоқ, адамдар шатқалға жаппай барып жатыр.

Айта кетейік, Қазақстанда қар барысын қорғау және мониторинг жүргізу бойынша атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде соңғы 30 жылда бұл жыртқыштың саны артқан. Қазіргі таңда елімізде шамамен 190 ілбіс мекендейді.

Мамандар таулар тек демалыс орны ғана емес, Қызыл кітапқа енген сирек жануарлардың табиғи мекені екенін еске салып, тұрғындарды жабайы аңдарға жақындамауға, шуламауға, қоректендірмеуге және табиғатты ластамауға шақырады.

Ілбіс – Алматының символы. Оның болашағы әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты.

Комментарии