"Үйде жалғыз қалғанда". Белгілі актриса өмірден өтті

105
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Upzh0bisGJJobpeQqrj5OJiOaj0Tud49U8hU2dAb.avif

Канада-америкалық танымал актриса, комедиант және сценарист Кэтрин О’Хара 71 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Кэтрин О’Хара Лос-Анджелестегі өз үйінде сырқаттан кейін көз жұмған. Жедел жәрдем қызметі актрисаның үйіне жергілікті уақыт бойынша сағат 04:48-де жеткен. Ол ауыр хәлде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Қайтыс болу себебі әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.

Белгілі болғандай, Кэтрин О’Хара сирек кездесетін туа біткен декстрокардия дертімен, яғни ішкі ағзалардың кері орналасуымен өмір сүрген.

Кэтрин О’Хара 1954 жылы Канададағы Торонто қаласында дүниеге келген. Ол жеті балалы отбасында өскен. Актриса шығармашылық жолын 1970 жылдары канадалық әйгілі Second City импровизациялық театрында бастаған. Кейін культтік SCTV скетч-шоуының негізгі қатысушыларының біріне айналып, Юджин Леви, Джон Кэнди, Мартин Шорт және Рик Морэнис сынды әртістермен бірге жұмыс істеді. Осы жобадағы сценарийлік еңбегі үшін ол 1982 жылы алғашқы «Эмми» сыйлығын иеленді.

Әлемдік танымалдылық актрисаға Тим Бёртонның «Битлджус» фильміндегі Делия Дитц рөлі, «Один дома» комедиясындағы басты кейіпкердің анасы және «Шиттс Крик» сериалындағы эксцентриялық Мойра Роуз бейнесі арқылы келді.

Комментарии