Қазақстанның ЕАЭО-ға төрағалығының басым бағыттары белгілі болды

71
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Vb8qOfAuZ4p7JnPJXsre90rR1FcMajtk8MlLbq6U.webp

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етіп отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің биылғы алғашқы отырысын Қазақстан Республикасының премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ашты.

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Серік Жұманғарин Кеңес мүшелері мен байқаушы елдердің өкілдеріне Қазақстан төрағалығының негізгі басым бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО елдері басшыларына жолдаған үндеуінде ортақ жұмыстың басым бағыттарын айқындаған.

Атап айтқанда, 2026 жылы экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллект құралдарын енгізу, Одақтың логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, өзара саудадағы кедергілерді жою, сондай-ақ үшінші елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аудару ұсынылады.

Сонымен қатар, ортақ процестерді толық көлемде жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. Қазіргі таңда бекітілген 77 ортақ процестің тек 42-сі ғана іс жүзінде іске асырылған. Уәкілетті органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара интеграцияланбауы Одақ аясында тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз етуге кедергі келтіріп отыр.

Қазақстан төрағалығының басым бағыттарының бірі ретінде «кедергісіз» транзитті дамыту мәселесі де аталды. Бұл навигациялық пломбаларды кеңінен қолдануды, бірыңғай транзиттік декларацияны енгізуді және кедендік баждарды төлеудің біріздендірілген тетіктерін пайдалануды көздейді. Аталған шаралар тасымал жылдамдығы мен шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ кооперациялық жобаларды дамытуға айрықша көңіл бөлінбек. Қазіргі таңда Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Ресей компанияларының қатысуымен бес кооперациялық жоба мақұлданған. Алдағы мақсат — кооперация қоржынын кеңейту, бірлескен өндірістер санын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өндірісті локализациялау деңгейін жоғарылату.

Өткізу нарықтарын кеңейту мақсатында үшінші елдермен сауда келісімдерін кезең-кезеңімен ілгерілету ұсынылды. Бұл келісімдер ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бизнесі үшін тұрақты экономикалық өсудің негізгі көздерінің бірі ретінде қарастырылады.

Комментарии