UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі жетінші тур аясында алматылық «Қайрат» елордада Бельгияның «Брюгге» командасымен кездесті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Турнир барысында екі ұжым да тұрақты нәтиже көрсете алмай келеді. Осыған дейін «Қайрат» алты ойынның бесеуінде жеңіліп, бір матчта тең нәтижеге қол жеткізген. Ал бельгиялық клуб бір рет жеңіп, бір ойында тең түсіп, қалған кездесулерде ұпай жоғалтқан. Сондықтан бұл матчта екі тарап үшін де жеңіс аса маңызды болды.
Ойын алғашқы минуттардан-ақ жоғары қарқынмен өтті. Қарсыластар шабуылға басымдық берді, дегенмен қауіпті сәттерді көбірек жасаған — қонақтар болды. 32-минутта Александар Станкович есеп ашса, араға алты минут салып Ханс Ванакен «Брюггенің» басымдығын арттырды.
Екінші таймда бельгиялықтар тағы екі мәрте мергендік танытты. Ромео Верман 74 және 84-минуттарда дубль авторы атанды. Ал матчтың қосымша уақытында «Қайрат» сапынан Әділет Садыбеков бір гол соғып, есепті қысқартты.
Нәтижесінде кездесу 1:4 есебімен «Брюггенің» пайдасына аяқталды.