Заманауи соғыс жағдайында. Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік саясатын қайта қарайды

82
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7zuctRRJe0ST6HK9xO11K6cb31LAfRLXoooo1nJc.webp

Өзбекстан Қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген отырысында президент Шавкат Мирзиёев қазіргі заманғы соғыс мен қатерлердің өзгеруіне байланысты елдің Қорғаныс доктринасы мен Ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасын жаңарту қажеттігін мәлімдеді,  деп хабарлайды "Адырна" порталы gazeta.uz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы 2018 жылы қабылданған қолданыстағы Қорғаныс доктринасы мен 1997 жылғы Ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасы жаңа сын-қатерлерге тиімді жауап беру үшін қайта қарауды қажет ететінін атап өтті. Ол жаңа доктрина Өзбекстанның әскери блоктарға қосылмайтын бейтарап мемлекет ретіндегі мәртебесін сақтауды қамтамасыз етіп, сондай-ақ көпжақты дипломатияға басымдық беруі тиіс екенін айтты.

«Жаңа Қорғаныс доктринасы армияны технологиялық тұрғыдан жаңартудың және озық әскери шешімдерді енгізудің негізі болуы керек», – деп қосты президент.

Сондай-ақ ол жоғары технологияларға және әскери дербестікке негізделген стратегия әзірлеудің маңыздылығын атап өтті, бұл өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етпек.

Айта кетейік, Ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасының жаңа редакциясын әзірлеу 2018 жылға жоспарланған болатын, алайда бұл құжат әлі күнге дейін қабылданған жоқ.

Комментарии