Алматы Орталық Азиядағы ең қымбат қала атанды

605
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/x8ClwOw310tyY0PjpovgV5mdBqAMlwndN7U3giVK.jpg

Алматы Орталық Азиядағы өмір сүру құны ең жоғары қала атанды. Жаңа рейтингте оңтүстік мегаполис Астананы, Ташкентті және Бішкекті артта қалдырды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Numbeo сарапшылары әлемнің 479 қаласындағы өмір сүру құнын салыстырып, арнайы рейтинг жасаған. Есептеу барысында тұрғын үйге кететін шығындар (жалға алу, ипотека) есепке алынбай, тұтыну тауарлары мен қызметтерінің бағасы – азық-түлік, мейрамхана, көлік және коммуналдық қызметтер көрсеткіштері пайдаланылған.

Нәтижесінде шартты өмір сүру құнының индексі жасалған. Оның бастапқы өлшемі ретінде АҚШ-тағы Нью-Йорк қаласы алынып, барлық көрсеткіш бойынша 100 балл берілген. Яғни рейтингтегі басқа қалалар Нью-Йоркпен салыстырылып, одан арзан немесе қымбат болып бөлінген.

Сарапшылардың мәліметінше, Нью-Йорктен қымбат тек Швейцарияның алты қаласы ғана бар. Бұл тізімде көшбасшы – Цюрих, оның индексі 118,5 балл, яғни Нью-Йорктен 18,5%-ға қымбат.

Рейтингке Алматы мен Астана да енген. Алматы 401-орынға, ал Астана 428-орынға жайғасқан.

Алматыдағы өмір сүру құнының индексі – 33 балл, бұл Нью-Йоркпен салыстырғанда 67%-ға арзан деген сөз.

Басқа көрсеткіштер бойынша:

• жалға алу құны – 15,7 балл (84,3%-ға төмен);

• азық-түлік бағасы – 31,9 балл (68,1%-ға төмен);

• мейрамханалардағы бағалар – 35,5 балл (64,5%-ға төмен);

• сатып алу қабілеті индексі – 55,7 балл (44,3%-ға төмен).

Астанада өмір сүру құнының индексі – 29,7 балл, жалға алу – 12,1 балл, азық-түлік – 29,9 балл, мейрамханалар – 31,6 балл, ал тұрғындардың сатып алу қабілеті – 62,5 балл.

Орталық Азияның басқа қалаларынан тізімге Ташкент (431-орын) пен Бішкек (435-орын) енді. 

Әлемдегі ең арзан қалалар тізімінің алғашқы үштігі Үндістанда орналасқан: Индор (18,4 балл), Лакхнау (17,8 балл) және Коимбатур (17,6 балл).

Сурет: gov.kz

Комментарии