АҚШ шабуылы. Куба 32 азаматының қаза табуына байланысты аза тұту күнін жариялады

847
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/00nyBxz2WZzXqN7eVk0ikrQr9lyVIiSh7PUVJICH.jpg

Куба президенті Мигель Диас-Канель Венесуэлаға жасалған АҚШ шабуылы кезінде 32 куба азаматының қаза табуына байланысты елде ұлттық аза тұту күнін жариялады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«2026 жылғы 5 қаңтар таңғы сағат 6:00-ден 6 қаңтар түнгі 00:00-ге дейін екі күндік ұлттық аза тұту күні жариялансын», – делінген жарлықта.

Құжатқа сәйкес, аза тұту күндері Кубаның мемлекеттік туы билік органдары мен әскери мекемелердің ғимараттарында төмен түсіріледі, барлық мерекелік және ойын-сауық іс-шаралары тоқтатылады.

Куба президенті құжатта кубалық әскери қызметшілер өз борышын абыроймен атқарғанын, олардың тікелей қақтығыстарда немесе әскери нысандарға жасалған әуе соққылары салдарынан қаза тапқанын атап өтті.

Еске салайық, 3 қаңтарға қараған түні Венесуэлада жарылыстар болған еді. Кейін Ақ үй басшысы Трамп АҚШ ауқымды соққылар жасағанын, ал Мадуро жұбайы Силия Флореспен бірге ұсталып, елден шығарылғанын хабарлаған. Айтуынша, Мадуро мен Флорес «есірткі терроризміне» қатысы бар деген айыппен және АҚШ-қа қауіп төндірді деген уәжбен сот алдында жауап береді.

Осыған байланысты Каракас АҚШ операциясына орай Біріккен Ұлттар Ұйымы шұғыл отырысын шақыруды талап етті. Ал Венесуэланың Жоғарғы соты мемлекет басшысының міндетін уақытша вице-президент Дельси Родригеске жүктеді.

Комментарии